«Кәдесый орнын көкөніс алмастырды»: ақмолалық кәсіпкер карантин салдарынан кәсібін өзгертті
Ол енді өзге қазақстандықтарды бизнеске үгіттеп жүр
Көктемнен бері жалғасып келе жатқан коронавирустық пандемия қазақстандық кәсіпкерлерге ауыр соққы бергенін білеміз. Шағын және орта бизнес өкілдерінің көбі кәсібін тоқтатса, енді біразы жағдайға ыңғайланып, кәсібінің түрін өзгертуде. Сондай жандардың бірі – Ақмола облысы Бұланды ауданының тұрғыны Төлеу Дүйсенбай. Ол бұған дейін жарнамалық баннерлер, кәдесыйлар жасап сатумен айналысқан.
Қазір Төлеу Дүйсенбай өз үйінің жанынан жылыжай салып, бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысып жатыр. Табысым бұрынғыдан кеміген жоқ дейді. Енді ол баннер жасауды қойып, түбегейлі жылыжай кәсібімен айналыспақшы.
Ақмолалық кәсіпкер ешқандай бизнес-курс, семинарлар оқымаған. Ол баннер мен кәдесый жасауды да, жылыжаймен айналысуды да интернет арқылы үйренген.
«Интернетте отырып бау-бақша өсіретін адамдардың мол табысқа кенеліп жатқанын көрдім. Бұл мені осы кәсіппен айналысып көруге итермеледі. Сөйтіп, ең арзан дәнекерлеу құралын сатып алып, жылыжай қаңқасын дәнекерлей бастадым. Пішіндеуіш төрт қырлы құбырлар алып, үйдің жанынан құрылыс сала бастадым. Қаладан поликарбонаттар алып, кең жылыжай орнаттым. Сөйтіп, көктем шыға көршімнің үйінің жанындағы көңді тасып алып, жылыжайға қызанақтар ектім. Ауыл іргесіндегі су қоймасынан суды тасып құйдым. Расында да, далада еккеннен гөрі, жылыжайда көкөністердің жылдам өсіп, тез жетілетініне көзім жетті. Қызанақтар мен басқа да көкөністерді жаз бойы жеп, артығын сата бастадым. Тіпті, қыс бойына жететін етіп салаттар, басқа да тұздалған түрлерін сақтап қойдық. Келер жылы тағы да үлкен жылыжай салып көкөністің көлемін ұлғайтпақпын. Енді су тартатын қондырғы орнатып, тамшылап суару әдісін қолданбақшымын. Ол үшін арнайы пленкалар алып, темірден 10х12 мөлшерінде жылыжай қаңқасын да әзірлеп қойдым», - дейді Төлеу Жақсылықұлы.
ИНТЕРНЕТТЕ КӘСІПКЕ ҮЙРЕТЕТІН ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ
Аздаған уақыт аралығында бау-бақша кәсібін біршама меңгеріп қалған кәсіпкер өзіне YouТube-каналын ашып, білген-түйгенін жұртқа үйрете бастаған. Айтуынша, аталған видеопорталда кәсіпке қазақ тілінде үйрететін онлайн-семинарлар жоқтың қасы. Егер көп болса, өз кәсібін ашып, мемлекетке қол жаймайтын қазақтардың да саны артатын еді дейді ол. Сондықтан бұл кемшіліктің орнын аз да болса толтырмақ ниетте.
«Бау-бақшамен айналыса бастағаннан қазақ тілінде түрлі кәсіпке үйрететін бейнероликтердің жоқтығын байқадым. Тіпті, мотивациялық жігер беретін бірде-бір ролик таппадым. Сондықтан өз тілімізде ролик жасап, блогерлікпен айналысамын деген ой түйдім. Сөйтіп, қалай дәнекерлеуді үйренгенімді, жылыжай жасағанымды, көкөністерді қалай күткенімнің бәрінен бейнероликтер түсіре бастадым. Қазір менің арнама тіркеліп жатқандар да көбейе бастады. Мұнымен қоса, бау-бақшамен айналысатындардың жеке топтары бар екен. Онда оңтүстіктегі ағайындарымыз көп. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, білгенімізді бөлісіп, үйретіп жатамыз.
Бір қызығы, Қазақстанда жылыжай кәсібімен негізінен оңтүстік облыстарда ғана айналысады. Ал солтүстік облыстарда кәсіптің бұл саласы кенжелеп қалғандай көрінеді. Дегенмен, бізде бау-бақшамен айналысуға мол мүмкіндік бар. Көң де жетеді, малдың қиы да бар.
Мен эксперимент жасағанды жақсы көремін. Қазір үйдің ішінде құбырларды кесіп, құлпынай егіп қойдым. Мұны да ғаламтор желісінен көргенмін. Алдағы уақытта нәтижесі болса мұны да жасап көрмекпін. Карантин бір жағынан қиындыққа душар еткізсе, екіншіден өзімді басқа қырымнан ашуыма мүмкіндік берді», - дейді Төлеу Жақсылықұлы.
ШАҒЫН ЖЫЛЫЖАЙЛАР САЛУҒА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ӘЛІ ДЕ ҚАЖЕТ
Елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Даму» секілді бірнеше бағдарлама бар. Десе де, кәсіпкер Төлеу Дүйсенбай солтүстік облыстарда жылыжай өсіргендерге қолдау әлі де қажет екенін айтады. Өйткені, аталған бұл аймақта жергілікті тұрғындар ата кәсіп болмағандықтан, жылыжай құрып, егін егуге қорқақтайды екен. Ал, биліктің өзі қолдап тұрса мұндай шаруалардың қатары артатын еді дейді ол. Сәйкесінше, жергілікті тұрғындарды табиғи таза отандық өніммен қамтамасыз етуге болады.
«Үйлерінің маңында 4-5 сотық жерлері бар тұрғындар көп, бірақ бәрі бос жатыр. Шөп пен қурай басып кеткен. Ал мал өсіріп оның өнімдерін сату қыруар қаражатты қажет етеді. Солтүстіктің 2-3 ай жазына қарамастан, жыл он екі ай мол өнім алып, оны сатуға да болар еді. Пайдасы да шаш-етектен.
Біздің солтүстік өңірлерге көкөніс пен жеміс-жидек негізінен оңтүстік облыстардан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан тасымалданады. Сондықтан ауылдарда шағын жылыжайлар салуға мемлекеттен әлі де қолдау жасалса деген ойым бар. Бұл біздің өңірде көкөніс бағасын төмендетіп, көкөністер өнімдерін әзірлейтін цех ашуға да мүмкіндік берер еді. Мәселен, мен жылыжайды өз ақшама салдым, оны ұстап тұруға да біраз қаражат кетті. Жұрттың бәрінде ондай ақша болмауы мүмкін», - дейді Төлеу Дүйсенбай.
Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай өндірісін одан әрі кеңейтіп, көкөніс бизнесінен көбірек пайда табуға ниеттеніп отыр. Темірден үйдің жанына жылыжай қаңқаларын құрастырып қойған ол көктем шыға салысымен жаңа жылыжайларды салуға кіріспек. Ол үшін көкөністерді егетін қи мен көң алуға көрші-қолаңмен келісіп қойған. Мұнымен қоса күзге қарай жылыжайда өсетін өнімдерін өткізетін орындармен де келісіп қойыпты. Кәсіпкер болашақ жоспарларымен де бөлісті. Алдағы уақытта банктерден несие алып шаруашылықты кеңейтуді де қолға алмақшы. Істің көзін тауып, карантин болса да кәсібін дөңгелеткен азамат болашақта бұл ісінің отбасылық бюджетті қамтамасыз ете алатынына нық сенімді. Өйткені қазірдің өзінде жаз бойы тынымсыз еңбекпен жиналған көкөністері өздерінен артылып, қалғаны сатуға да жеткен. Отбасылық кірісін жылыжайдан тапқан кәсіпкердің ісіне біз де қуанып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледік.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы