ШұғылӨткен тәулікте елімізде 753 адамнан коронавирус анықталды

Шөкеев Түркістан қаласы халқының саны қашан 500 мыңға жететінін айтты

Үкімет отырысында Түркістан облысының бас жоспарының жобасы бекітілді

Фото: ашық дереккөзден

Облыс орталығының бастапқы аумағы 19 627 гектар болса, бүгінде қала шекарасының жобалауы бойынша аталған көрсеткіш 22 370 гектарға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкімет басшысына мәлім етті.  

Белгілі болғандай, бүгінде өңірдегі халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға жеткен. Ал 2025 жылға қарай тұрғындар санын 250 мыңға, 2035 жылы 350 мыңға, 2050 жылға таман 500 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

«Бас жоспарда қаланың шығыс бағытында жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу жоспарланған. Оның аумағы 1450 гектарды қамтиды. Бұл аумақта тұрғындарға арнап, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорт нысандары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар, бизнес орталықтары, компания кеңселері, банктер және т.б. нысандарды орналастыру көзделген», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс басшысы 2019 жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метрді құрағанын айтты. Әкімнің айтуынша, 2035 жылы бұл көрсеткіш 9,8 млн шаршы метрге дейін жетеді екен.

Сонымен қатар, Өмірзақ Шөкеев аумағы 290 га алқапты құрайтын мәдени-рухани орталықта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  

«Бас жоспарда көрсетілген мәдени-рухани орталықтағы 10 нысанның 6-уы толық аяқталып, қалғаны бекітілген жоспарға сай әлі салынып жатыр» - деді облыс басшысы.

Облыс әкімдігінің 2025 жылға жоспарлаған жобасы бойынша өңірде біршама жаңа нысандар бой көтермек.

«Жаңа 15 мектеп және 5,7 мың орынға арналған қосымша 44 мектепке дейінгі мекеме салу жоспарланды. 10 денсаулық сақтау объектісі, оның ішінде ауысымына 900 келушіге арналған 3 емхана бой көтереді. Сонымен қатар, жобада 2035 жылға дейін 28 мектеп пен мектепке дейінгі балаларға арналған 53 мекеме салу жоспарланған», - деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция тартылған.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан