$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2019, 15:30
Қоғам

«Бұл – нағыз коррупция»: Алматы тұрғындары түбіртекке қосылған жаңа төлемге қарсы шу шығарды

Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін компания бұл қаражатқа болашақта күрделі жөндеу жүргіземіз дейді

«Бұл – нағыз коррупция»: Алматы тұрғындары түбіртекке қосылған жаңа төлемге қарсы шу шығарды
homsters.kz

Алматыдағы «Көкжиек» шағынауданының тұрғындары билік пен жеке компанияың ақша жинау әрекетіне наразылық танытты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қарашаның қара суығында қосымша қаржы төлеуді міндеттеген түбіртектің келгеніне ашуланған халық «бұл барып тұрған бассыздық, ақша жымқыру мен нағыз жемқорлықтың жолы» деп айқайға басты. Ал, коммуналдық төлем түбіртегіне қосылған ақшаны жинаудағы мақсатын түсіндіруге келген «Facility Management Group» ЖШС басшылары тұрғындардан қашып құтылды.

Алматы қаласының «Көкжиек» шағын ауданында 64 көпқабатты үй бар. Олардың 32-сі былтыр жаңа компанияның қармағына өтіпті. Үйлерді күту мен техникалық қызмет көрсету конкурсын «Facility Management Group» ЖШС жеңіп алған. Коммуналды қызметтің түбіртегіне қосымша ақша төлеуді міндеттеген де осы компания. Болашақта жасалатын күрделі жөндеу жұмыстары үшін қазірден ақша жинауды бастаған мекеменің әрекетіне тұрғындар түбегейлі наразы. Өйткені, қараша айынан бастап әрбір пәтерге қосымша 2-4 мың теңге аралығында төлеуді міндеттейтін түбіртек келе бастаған. 

«Тұрғын үйдің күтіміне қатысты арнайы заң бар. Онда 0,2 АЕК көлемінде аударып отыру туралы жазылған. Ол бүгінгі таңда 505 теңгені құрайды. Біз пәтердің бір шаршы метрі үшін 50 теңге 50 тиынды көрсеттік. Жөндеу жұмыстарына төлем жасау үшін тұрғындармен жиналыс жасауды да заң міндеттемейді. Төлемді жасау міндетті нормалардың бірі екенін түсіндіргіміз келді. Бірақ тұрғындар төлем көлемінің ставкасы қанша болу керектігін өздері де белгілей алады. Бүгін 50 теңге болса, олар 10 немесе 1 теңге деп те шешім қабылдай алады», - деді «Facility Management Group» ЖШС заң департаментінің директоры Жомарт Смағұлов.

Халық өздерімен ақылдаспай, бірден тарифті белгілеген компанияның әрекетін көрген соң ғана әкімдік пен құқық қорғау органдарына шағымдана бастаған. Қызмет көрсететін мекеме екінші деңгейлі банкте арнайы шот ашып тастапты. Халықтың шағымынан соң ғана компанияның басшылары тайлы тұяғымен кездесуге келген.

«Тұрғындарға ескертпей ақы төлеуді енгізуді заң аясында істедік. Біз өткен жылы конкурсқа қатыстық. Тұрғын үй саясаты басқармасы бізді таңдады. Сондықтан, бұл жақтағы әлеуметтік үйлерге қызмет көрсету құжаттары бізге рәсімделді. Содан бері 30 пайыздық күтім жұмыстарына жиналатын қаражат аясында 32 үйге жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі дау күрделі жөндеуге қажетті ақшаны жинауға байланысты туындап отыр. Бірақ, бұл үйлер күрделі құрылыс жұмыстары қашан қажет болатынын білмейміз. Әзірге үйлердің ешқайсысы күрделі жөндеу жүргізуді қажет етпейді», - деді «Facility Management Group» ЖШС директоры Мөлдір Есжанова.

Қолдан қолға өткен Көкжиектегі үйлер 2009 жылы қолданысқа берліген. Заң бойынша, бұндай үйлерге ағымдағы жөндеу 10 жылда, күрделі жөндеу 20 жылдан соң жүргізілу керек. Халық қаржының қолды болмай, банкте сақталып тұратынына да сенбейді. Өйткені, бұған дейінгі төленген ақша үшін ПИК төрағасы да, аталған мекеменің өкілдері де есеп бермеген. Үйлердің  жертөлелері де дүкен мен түрлі бизнес орындарына айналғанмен, халықтан ақша төлеуді талап еткен мекеме олардың қожайындарын таппай отыр-мыс. Бұны естіген Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ерлан Нұрғалиев «таңданысын» жасыра алмай, тексереміз деп құтылды.

Жұмыстан соң түнделетіп мектеп залына жиналған халық сан-түрлі сауалына жауап ала алмаған соң «түсіндірушілерге» тап берді. Айғай-шумен өткен жиында көкжиектік тұрғындар аталған мекемемен мүлдем келісімшарт жасаған жоқпыз дейді. Сондықтан, тұрғындар компанияның көптің келісімінсіз ақша жинауын таза жемқорлықтың жолы деп есептейтіндерін айтты.

«Біз бұл «Facility Management Group» компаниясымен құжаттық келісім-шартқа отырған жоқпыз. Олар бізбен заңсыз жұмыс істеп келеді. Әрі бізден қосымша қызмет үшін тағы ақы алмақ. Күрделі жөндеуге деп әрқайсымызға шот қойды. 60 шаршы метр пәтерім бар. Үйдің жалпы күтіміне деп  бұрын ай сайын 2 мың теңге төлейтінмін. Қараша айынан бастап оның үстіне тағы 2880 теңге төлеп тұруды міндеттеді. Сонда тек екі бөлмелі пәтерлері бар тұрғындар тек күтімге, жөндеуге деп әр айда 4880 теңге беруіміз керек екен. Үш бөлмелі пәтердің тұрғындары 6 мың теңге беруі тиіс.  Олар халықпен келісім туралы хаттама да жасамаған. Біз бұл заңсыздық туралы әкімдікке, прокуратураға шағымданған соң ғана жиналыс жасауға келіпті. Компанияның басшыларына, тұрғындардың келісімінсіз неге бірден төлем жасауды түбіртекке қосып, міндетті қылдыңдар деген сұрақ қойдық.  Олар қалалық мәслихаттың шешімі бойынша деп жауап берді. Сонда, Мәжіліс қабылдаған заңнан мәслихаттың шешімі жоғары ма? Тарифті тұрғындар ақылдасып қабылдау керек. Бұл таза коррупция, ақша жымқыру. Болды», - дейді ашуға басқан тұрғын Әсия Болатқызы.

Қызмет көрсететін мекеме бүгінгі таңда Алматы қаласында офистерден бөлек дәл осындай көп қабатты 350-ден аса үйге қарайды. Халық түбіртектегі қосымша ақша төлеу туралы хабарламаны тоқтатпаса жолды жабамыз, компанияны сотқа береміз дейді.

«Тұрғындар банткегі шотты көріп, бақылай алуы тиіс. Бірақ оларға мұндай мүмкіндік тудырмай, есеп шотты өздері ғана аша салған. Жиналған ақшаның жоғалып, қолды боп кетпеуіне кім кепіл? Пәтер иелері кооперативі тоқсан сайын есеп беруі тиіс. Олар тоқсан тұрмақ, бір жылда бір есеп бермейді. Біздің мына төлеп отырған ақшаларымыздың қайда кетіп жатқанын білмейміз?! Түбіртек жіберетін мекемеде бұлардың шешімі мен ұсынысын дұрыс қабылдамаған. Себебі, тұрғындардың келісімі туралы хаттама жасалмаған. Қолды сыртымыздан өздері қойып алған. Көкжиектегі 33 үйдегі  тұрғындардың келісімін алып, жиналыс жасау бұған дейін болған емес. Болмаса сотқа береміз, трассаны жабамыз», - дейді зейнеткер Гүлнар Әлімханова.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары