Bilim Media Group компаниясы Денис Кривошеевті сотқа бермек
Блогер аталған компанияның мемлекеттік сатып алу бойынша бюджет қаражатын аса көп мөлшерде алатыны туралы мақала жазып, атқарған жұмыстарының сапасына күмәнмен қараған
Осы аптада елдегі ақпарат сайттарының бірінде «Қазақстанда білім саласы айналасында кім пайда тауып отыр» деген мазмұнда мақала жарияланған болатын.
Материалдың авторы, блогер Денис Кривошеев Bilim Media Group компаниялар тобы соңғы үш жылда 18,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік сатып алу шараларына қатысқанын жазады. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігімен — 7,8 млрд теңгеге, Мәдениет және спорт министрлігімен — 1,9 млрд, Денсаулық сақтау министрлігімен — 14,8 млн теңгеге келісім шарттар жасалғаны туралы деректер келтіреді. Сандар мен түрлі мәліметтерге құрылған материалда автор компания құрылтайшылары мемлекеттік сатып алу бойынша бюджет қаражатын аса көп мөлшерде алатынына назар аударған. Ал атқарылған жұмыстардың сапасына күмәнмен қарайды.
Бұған бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Bilim Media Group компаниялар тобының құрылтайшылары жауап қатты. Компания өкілі Рауан Кенжеханұлы көп жылдан бері заңды түрде жұмыс істеп жатқан мекеменің қызметі мен іскерлік беделіне нұқсан келді деп есептейді. Ол тұтынушыларды, серіктестері мен қоғамды мақалада келтірілген деректерден өзге астар іздемеуге шақырады.
Рауан Кенжеханұлы компанияның заңгерлері Кривошеевтің жариялаған мақаласын қазір зерттеп жатыр. Жақын күндері автордың үстінен сотқа шағымдану құқығын пайдаланып, азаматтық талап арыз жазатынын айтты.
«Біздің серіктестеріміздің тарапынан көрсетілетін сенімге нұқсан келтірді. Сондықтан автор мұндай жағдайда өзінің әрбір келтірген мәліметтеріне жауапкершілікпен қарауы керек еді. Себебі біз жасап жатқан өнімдерді жүз мыңдаған адам тұтынып жатыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне тараған. Сондықтан бұл біздің көңілімізге қаяу түсіреді және әділетсіз деп бағалап отырмыз. Бұл материалды оқыған адам жағымды әсер алмайтыны рас. Егер мәселе атқарылған жұмыс сапасына қатысты сынға құрылса, біз оны қабылдап, кемшілікті түзетуге тырысамыз. Ал осы жігіттер жемқорлықпен айналысып отыр деп тікелей айыптаған кезде, біз өз беделімізді сот арқылы қорғаудан басқа жол көріп тұрған жоқпыз», - дейді Р. Кенжеханұлы.
Компания құрылтайшысының айтуынша, материалда келітірілген мәліметтер ашық дерекөздерінен алынған. Бірақ кейбір мәліметтермен келіспейміз дейді. Осы күнге дейін Bilim Media Group компаниясы 6 мыңнан астам шартқа қол қойған. Оның жартысынан көбі жекеменшік әріптестік саласында жүзеге асып жатыр. Ал мемлекеттік сатып алулар бойынша ақпараттар жариялы, бұл тұрғыда кез-келген сұраққа жауап беруге дайын екендіктерін айтады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы