«Jas Otan» қазақстандық жастарды өзін-өзі дамытуға шақырады
Қазақстандық жастар үшін жаңа акция басталды
Тамақ әзірлеу мен эссе жазуды үйреніп, бірнеше кітап оқып, шет тілін меңгеруге 10 күн жеткілікті ме? Осы және басқа да сұрақтарға жауабын жасотандықтар іске қосқан «Ozger» акциясынан біле аласыз.
Жасотандықтар акция арқылы жас қазақстандықтарды өз кемшілігіңмен күресуге, спортпен белсенді шұғылдануға, білімін тереңдетіп, бойында бар жаңа қабілетін оятуға шақырады. Марафонның басты шарты – он күн ішінде жоғарыда айтылған дүниелерді жасап үлгеру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі идеясы – жастардың назарын өзін-өзі дамыту маңыздылығына аудару. Бұл өз кезегінде саналы, сапалы ұлт қалыптастыруға тікелей әсерт етпек. Мемлекетбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жолдауында бір орында тұрмай, болашаққа ұмтылғанда ғана ұлт үлкен жетістіктерге жететінін атап өтті. Осы мақсатта «Ozger» онлайн-марафоны қазақстандық жастарды мықты болуға ынталандырмақ.
Осы ретте «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев акцияны қолдай отырып, жүгіру жолағында 5 шақырымды бағындырды.
«Жасыратыны жоқ, бүгінгі заманның ережесі өзгерді. Адамдардың көбі кеңселерде жұмыс істейтіндіктен, көп қозғалыс жоқ. Карантин бұл жағдайды одан ары ушықтырды. Мен «Ozger» акциясына қатысуға шешім қабылдадым және күн сайын 5 шақырым жүгіремін. Себебі, жүгіру ағзаға күш-қуат беретіндіктен, күні бойы сергек жүресің», – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Онлайн-марафонға кез келген адам қатыса алады. Қатысушыларды ол үшін әлеуметтік желілерде жазбаны #birgeozger хэштегімен жариялап, @jas_otan парақшасын белгілеуі керек.
Айта кетейік, «Jas Otan» мұндай шараларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Өткен айда жасотандықтар Қазақстан бойынша 2000-нан астам адамның басын қосқан «Sana» тұлғалық даму мектебін ұйымдастырған болатын. Оған қатысушылар «Шешендік өнер» және «Көшбасшылық және эмоцияналдық интеллект» курстарына қатысты.