$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.10.2020, 16:50
Қоғам

Кәріз жүйесі істен шыққан, автобус қатынамайтын, қоқысы тазаланбайтын Гранитный кенті

Тұрғындардың шағымына Зеренді ауданы әкімдігі жауап берді

Кәріз жүйесі істен шыққан, автобус қатынамайтын, қоқысы тазаланбайтын Гранитный кенті

Көкшетаудан 16 шақырым жерде Гранитный деген шағын ауыл бар. Кеңес уақытынан бері гранит тастарын өндіретін, сондай-ақ ЕЦ-166/25 түзеу мекемесі орналасқан кенттің бүгінгі жағдайы адам шошырлық. Қираған үйлер мен ғимараттар, ой-шұқыры көп жол, шашылған күл-қоқыстан адам жүре алмастай жағдайға жеткен. Ауыл тұрғындарын қоғамдық көлік қатынасы да алаңдатады. Облыс орталығынан таяқ тастам жерде орналасса да, ауылға көлік мүлде қатынамай қалған. Сондай-ақ, ауылдағы кәріз құдығының шамамен тоқсан пайызы шіріп, жарамсыз күйге түскен. Жергілікті билікке айтар шағымы көп аядай ғана ауылдың мәселесімен Azattyq Rýhy тілшісі танысып қайтқан еді.

«ІСТЕМЕЙТІН КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫ ҮШІН ДЕ АҚЫ ТӨЛЕЙМІЗ»

Ауыл жолдарына өткен жазда қиыршық тас төгіліпті. Тұрғындардың айтуынша, одан адам түгілі, көлік те жүре алмайды. Тіпті тоқсан пайызға жуық тозығы жетіп, үнемі бітеліп тұратын кәріз жүйесі  үшін де төлем жасауға мәжбүр екен.

«Гранитный кенті облыс орталығының дәл іргесінде орналасса да, назардан тыс қалған. Қазір Көкшетаудан келетін автобустар да тоқтап қалған. Соның салдарынан Нефтебаза кенті, Васильковка селосы мен Гранитный кентінің адамдары қатынассыз қалды. Кәріз құдықтары мүлде істемейді. Үнемі бітеліп, нәжіс жүрмей қалады. Өйткені, кәріздің тоқсан пайыздан астамының тозығы жеткен. Үнемі тазалауға тура келеді, болмаса ассенизатор шақырамыз. Алайда кәріз үшін ай сайынғы төлем уақытында келіп тұрады. Бұған қоса, айына екі мәрте ассенизатор көлігі үшін ақы төлейміз. Осының бәрін кент тұрғындары өз есебінен төлеп келеді. Көшелердегі қоқыс салатын контейнер бактары да тазаланбайды. Қоқыс тазалайтын көлік айына тек бір мәрте келеді. Бірақ бұл арада бактар толып, күл-қоқыс бүкіл көшеге ұшады. Үнемі сенбілік ұйымдастырып, тазалаймыз. Бірақ нәтиже шамалы. Билікке талай рет шағымданып жүріп, жолға ұсақ қиыршық тас төккізген едік. Енді одан адам түгілі, көлік те жүре алмайды. Мектепке бара жатқан ұлым жолда етпетінен құлап, ернін жырып алды. Қаладағы ауруханаға апарып тіктіруге мәжбүр болдық. Әрине, бұл үшін ешкім де жауап бермейді. Мен мұны жай қалдырмаймын. Балам үшін бәрібір әділдік іздеймін», - дейді Гранитный кентінің тұрғыны Айзере Жәңгір.

Тұрғындар жолды тегістеп беруін айтып, жергілікті атқарушы органдар мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне шағымданған. Алайда, мемлекеттік органның берген уәдесі сол күйі аяқсыз қалыпты.

«Аудан әкімдігіне және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қоңырау шалдық. Уәде бергенмен, әкімдік тарапынан еш әрекет жоқ», - дейді Айзере Жәңгір.

БЮДЖЕТ ЕСЕБІНЕН ЖӨНДЕУ ҚАРАСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Ауылдағы ахуал жөнінде аудан әкімдігінің түсінік беруін сұрадық. Әкімдіктегілер Көкшетау – Гранитный – Васильковка бағыты бойынша автобус қатынасын «Самойленко» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыратынын, алайда қазір коронавирус пандемиясына байланысты бұл бағытта жолаушы саны азайып кеткенін жеткізді.

«Осыған байланысты автобус қатынасы уақытша тоқтатылды. Гранитный кентіндегі кәріз желілері ұзақ уақыт бойы гранит кенін өндіретін «Ардагер Нерруд» ЖШС-нің меншігінде болған. Серіктестік жылдар бойы жөндеу жүргізбеген. Осыған байланысты қазір кәріз жүйесінің жағдайы қанағаттанарлықсыз күйге түскен. Желілердің 80 пайыздан астамы тозған. Сол себепті кәріз жүйесі ауданның коммуналдық меншігіне өткізілді. Қазір аудандық бюджет есебінен тозған канализация желілерін жөндеу мәселесі қаралып жатыр. Қоқыс шығаруға «Көкшетау Тазалық» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Компания қоқысты толғанда шығарады. Жұмыс көлемінің мен техниканың жетіспеушілігіне байланысты қоқысты шығару реттілігін ұлғайту қазір мүмкін емес. Гранитный кентінің ішкі жолдары мен көшелеріне биыл «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қауіпті жол учаскелерін ұсақ таспен төсеу және тегістеу жұмыстары жүргізілген. Аталған жол учаскелерінде жұмыс жүргізген жеке кәсіпкер «Уәлиев» келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес жасалған кемшіліктерді түзетуге міндеттенді», - дейді Зеренді аудан әкімдігінен.

ЖОЛДЫ ЖАРАМСЫЗ ЕТЕТІН – ЖҮК КӨЛІКТЕРІ

Жарамсыз кәріз жүйесі мен ой-шұқыры көп жол жайында Зеренді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауап берді.

«Гранитный кентіндегі кәріз желілерін толығымен қайта құру қажет. Бұл алдағы уақытта қарастырылды. Ауылдық округ әкімдігімен Гранитный кентіндегі жолдарға сметалық құжаттама жасалған. Үш миллион теңге шамасында қаражат бөлініп, ішкі жолдарға ұсақ тастар төселді. Алайда, кент маңындағы карьерлерден ұсақ тас таситын 40 тонналық ауыр жүк көліктері айналасы екі-үш айдың ішінде жолды тас-талқан етіп, баяғы күйіне қайта түсірді. Біз күрделі жөндеу жасап, асфальт төсесек те, бәрібір ол көліктер жолды шыдатпайды. Сондықтан зауыт көліктеріне арналған жанама жол жасау қажет деп ойлаймын», - дейді бөлім басшысы Марат Жүнісов.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары