Сенатор Мәкежанов уәдесін ұмытты ма? «Думан» шағынауданындағы сүреңсіз тіршілік (ФОТО)
Жауын жауса жолдар батпаққа батып, құрғаса шаңы шығып жатады
Алматыға Талғар арқылы кіретін жолдағы «Думан» шағынауданы тұрғындары үш жылдан бері сүреңсіз тіршіліктен шаршағанын айтады. Олар бұл шағымды көбіне БАҚ бетінде, әлеуметтік желілерде және әкімнің халықпен есептік кездесуінде айтудан шаршаған. Соңғы жылдары бұл елдімекен жұртын мазалайтын жалғыз сұрақ бар, ол – ықшамаудан ішіндегі жолдың жағдайы.
Медеу ауданы – Алматыдағы ірі әкімшілік орталық әрі қаладағы ең жайлы аудандардың бірі. Тоқсаныншы жылдары осы ауданның құрамында жаңадан құрылған «Думан» шағынауданы қарқынды дамыды. Көктөбенің етегінде, табиғаты ерекше, Шығыс айналма автомобиль жолына жақын, «Халық Арена» спорт кешенінің маңында орналасқан елдімекенде баспана құны да аспандап тұр. «Думанда» 1650 жер үй және «Меркур Град» деп аталатын 32 көпқабатты тұрғын үй кешені орналасқан.
Azattyq Rýhy тілшісі биыл ақпан айында оқырман назарына «Думан» шағынауданы халқының осы мұңын жеткізген болатын. Арнайы дайындалған фоторепортаж барысында қарапайым халық шаһардың ішінде отырса да, инфрақұрылымға қолы жетпей отырғаны айтылған. Алайда, арада 9 ай өтті. Отыз мың халқы бар елдімекен шаң қауып, әліге дейін қоқыстың арасында өмір сүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: «Думан». Алматының ішіндегі ауыл (ФОТО)
Медеу ауданына екі рет әкім болып тағайындалған Сұлтанбек Мәкежанов биыл тамызда ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Ол өткен қыста думандықтардың тұрмысы биыл жаздан қалмай түзеледі деп уәде берген.
«Ол үшін елдімекендегі 59 көше күрделі жөндеуден өтеді. Жаз айларынан қалмай жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Жол жабындылары қайта төселеді, Хантәңірі орталық көше болғандықтан екі жағы көгалдандырылады. Жаяу жүргіншілер жолы, отыратын орындықтар және жарықтандыру да қоса жасалатын болады. Ал тар жолдардың тек бір шетіне ғана жаяу жүргіншілер жолағы салынады», - дегенін халық ұмытқан жоқ.
Айта кету керек, мұнда ауыз су құбыры мен кәріз жүйесі толықтай тартылғанымен, үйді-үйге кіру кешеуілдеген. Қала билігі бұл шаруаны тез аяқтап, 2017 жылы 41 көшеге ұзындығы 25 шақырым болатын асфальт, арық және тротуар жүргізуді жоспарлаған. Бірақ 2020 жыл аяқталуға жақын. Бұл жоспар орындалған жоқ.
Azattyq Rýhy тілшісі «Думанның» дәл қазіргі жағдайын тағы да фоторепортаж арқылы жеткізуге тырысты.
Қыс және көктем мезгілінде балшыққа батып, ал жаз келсе шаңға тұншығып жататын орталық көше – Хантәңірі. Бұл «Думан» шағынауданына кіретін негізгі үлкен көше. Қоғамдық көліктер қатынайды.
Халық үш жылдан бері айтылып келе жатқан биліктің уәдесі орындалар деген үмітпен күн кешіп жатыр. Орталық көшеде арнайы техникалары мен жүк көліктері ескі асфальт жабындыларын бұзып жатыр.
Елдімекенде шағын көшелер тұрмақ, ел көп жүретін орталық көшелері де жапырақтан тазармайды. Мұндағы арықтар күзгі жауын-шашындарға дайын емес. Қоқыспен бітеліп жатыр.
Аңырақай көшесі
Мұндағы барлық көшенің жағдайы «Аңырақай» шайқасынан кейінгі даладай күйде жатыр. Қыр астында қыс тұр. Жаяу жүргіншілер мен көлік үшін келесі жазға дейін қайтадан балшық кешуге тура келеді.
Жергілікті тұрғындарды мазалайтын тағы бір сұрақ – тұрмыстық қатты қалдықтардың уақытында шығарылмауы. Олар көше бойында тау-тау болып үйіліп жатыр.
Шағынауданда көптеген үй кәріз құбыры мен ауыз судың орталық желісіне әлі қосылмаған. Оны мынадай қазылып жатқан траншеялардан байқауға болады. Мұндай жағдайда көшеге асфальт төсеу мүмкін емес.
«Думан» қалада орналасқандықтан, жалдамалы баспанаға сұраныс жоғары. Екі үйдің бірінде шағын бөлмелер жалға беріледі. Көбінде адам тұрарлықтай жағдай жоқ.
Көшеде көлік пен адамдар жүретін жол ортақ. Автобус аялдамалары тек орталық көшеде бар, ал қалған көшелерде қоғамдық көліктер қалаған жерге тоқтап, жолаушыларды ала кетеді.
Пандемияға байланысты автобустардың ішінде дезинфекция жүргізу міндетті. Көше шаң болса да, қоғамдық көліктердің салондарына хлор шашу керек.
Елдімекенде көлік жүргізушілері де, тұрғындар да жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерін немесе жолдан өтуге арналған жолақтардың жоқтығына шағымданады. Түнгі уақытта көшелер жарықтандырылмайды.
Жергілікті тұрғындар эстетикаға, қоршаулардың біркелкілігі мен коммерциялық нысандардағы жарнамалық баннерлердің орналасуына мән бермейді. Мұны қадағалап жатқан әкімдік те көрінбейді.
Көктөбенің етегіндегі әсем жерге орналасқан елдімекен биліктің назарынан тыс қалғаны өкінішті. Көше лас болса да, тұрғындар өз қоршауының маңына ағаш егіп, сән-салтанатымен, өркениетті елдердегідей өмір сүргісі келеді.
Ақпарат үшін: Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі Алматы қаласы Медеу аудандық әкімдігіне хабарласты. Өзін аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы деп таныстарған Ернар Бөкешов биыл қыс түскенше 6 көшенің жасалатынын айтып қуантты. Негізінен, қоғамдық көліктер қатынайтын Хантәңірі, Болашақ, Ақмешіт, Қарқаралы, Қазығұрт және Бурабай көшелеріне қар түскенше асфальт жабындылары төселеді. ҚР Мемлекеттік сатып алу порталынан Қалалық мобильдік басқармасы «Думан» шағынауданындағы жолдардың күрделі жөндеуіне 5 млрд 462 млн теңге бөлгені белгілі болды.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі отыз мыңдық тұрғыны бар шағынаудан халқының бүгінгі жағдайына тағы да назар аударуды сұрайды. Қаланың ішінде отырса да, инфрақұрылымы дамымаған елдімекенге өркениеттің белгісі жақын уақытта жетеді деп үміттенеміз.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы
Фото: Әсет Құндақбаев