$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.10.2020, 15:38
Қоғам

Астанада 10 жыл бұрын салына бастаған жол мен кәріз құдығының құрылысы сол күйі аяқсыз қалған

Тұрғындар 11 млрд теңгенің желге ұшқанын айтады

Астанада 10 жыл бұрын салына бастаған жол мен кәріз құдығының құрылысы сол күйі аяқсыз қалған

Нұр-Сұлтанның Есіл ауданына қарасты Үркер елді мекенінде Шығыс Ильинка деп аталатын шағынаудан бар. Мұнда осыдан 10 жыл бұрын салынып бастаған жолдар сол күйі бітпей, аяқсыз қалған. Аталған елді мекен тұрғындары редакциямызға хабарласып, жол құрылысы мен кәріз құбырына бөлінген 11 млрд теңге желге ұшты немесе шенділердің қалтасында кетті деп шағымданды.

Шағынауданда қырық шақты көше бар. Соның он көшесі ойдым-ойдым болып, жүруге тым қолайсыз дейді тұрғындар. Жауын жауса, тіпті, батпағы шығып кетеді екен. Ал жуырда мұнда кәріз құбыры жарылып, нәжіс суы көшеге аққан.

«Мемлекеттік қазынадан бөлінген миллиондардың қайда кетіп жатқанын біреулер тексере ме? Әлде, жылы креслода құтырып отыра бере ме? Жолы құрсын, ойылып-ойылып бітті ғой. Кәрізді жөндеп берсінші, ең болмағанда. Әкімдер мұны көрмей ме? Мына сасықты үйлеріне апарса ғой... Сонда олар адам, біз адам емеспіз бе?» - деп налыды тұрғындар.

УӘЛИХАН ТАНАШЕВ КӨШЕСІНДЕГІ КАНАЛИЗАЦИЯ 4 АЙ БҰРЫН ЖАРЫЛЫП КЕТКЕН

Уәлихан Танашев көшесінде канализация құбыры мамыр айында жарылған. Сасық иіс бүкіл ауылды алып кеткен. Бұл құбырды жөндету үшін тұрғындар Есіл ауданы әкіміне ұжымдық хат жазған.

Бірнеше рет жазылған хаттан кейін Есіл ауданы әкімі тұрғындармен маусым айында кездесіпті. Кәріз жұмыстарына жауапты «Құлагер» ЖШС-нің басшысы Бейсенбай Жырғабаевқа әкім 3-4 күнде жарылған құбырды жөндеу туралы нақты тапсырма берген. Алайда, «Құлагер» ЖШС-і кәріз құбырын құммен көміп тастай салған.

«Канализацияны біз 5 жыл пайдаландық. Үкімет қоспаған соң, өз күшімізбен қосып алдық. 5 жылдан кейін биыл бір труба ойылып кетті де, су келмей қалды. Әкім келіп, 3-4 күнде істеп беремін деді, ал шын мәнінде, ол 5-6 сағаттық жұмыс. Оны ешкім де істеп берген жоқ. Қыс келіп қалды. Ертең қатса, мына ағып жатқан дүниенің бәрі қайда барады? Шаршадық, бармаған жеріміз жоқ», - деді жергілікті тұрғын Хасен Темірбаев.

МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ КӘРІЗ ҚҰДЫҚТАРЫНЫҢ БЕТІН АШЫҚ ТАСТАП КЕТКЕН

Шұрық тесік болған көшенің бойында 10 шақты құдық бар. Жуырда велосипед айдап жүрген бала құдықтың біріне түсіп кетіп, әрең аман қалған соң, тұрғындар құдықтардың бетін қолдарынан келгенше жауып қойыпты.

«Маусым айында әкім келді (Есіл ауданы – ред.), ол «Құлагердің» («Құлагер» ЖШС – ред.) бастығына мына үзілген канализацияны 3-4 күнде істеп таста деді. Канализация құдығы жарылса, оны кез келген қалада 3-4 сағатта істеп тастайды. Ал бізге ешкім келген жоқ. Шұңқыр болып жатты. 2,5 метр. 3-4 күнде ешкім келген жоқ. Бір бала велосипедпен түсіп кетті. Сосын «Құлагер» ЖШС мамандары келді. Көміп тастады, үстін құммен басып тастады. Сосын 1 айда істеп береміз деді. 1 ай өткен соң, 1 жетіде істеп тастаймыз деді. Бірақ, жоғалып кетті. Күз келді. Жақында күн суып, аяз болады. Ертең енді жөндесе, мынаның бәрін қопаруға тура келеді», - деді Танашев көшесінің тұрғыны Марат Байниязов.

КАНАЛИЗАЦИЯ ЖАРЫЛЫП, КӨШЕНІ НӘЖІС БАСҚАН СОҢ, ШОТАЙ ҚАРИЯ ИНСУЛЬТ АЛҒАН

Тұрғындар наразылығын тудырған Шотай қарттың жағдайы: канализация жарылып, үйдің маңын боқ басқан соң, Шотай Рахманов инсульт алған. Өйткені, құбырдан аққан нәжіс ақсақалдың үйінің айналасына жайылған.

«Үш немерем бар үйде, терезені аша алмаймыз. Сасық. Бір ай бұрын осы жағдайды уайымдап, инсульт алдым», - деді Шотай Рахманов.

10 ШАҚТЫ КӨШЕ 10 ЖЫЛ БОЙЫ ЖӨНДЕЛМЕГЕН

Шығыс Ильинка тұрғындарының айтуынша, канализацияның жарылуы жалғыз проблема емес. Негізгі көшелерінде асфальт, тротуар және жарық жоқ. Ең бастысы, 10 шақты көшенің құрылысы бітпеген, быт-шыты шығып жатыр.

«Үкілі Ыбырай, Сырым батыр, Жантай батыр, Исатай батыр, Беғазы-Дәндібай, Айғыржал, Танашев көшесі, Сәдуақасов, Омбы, Бекет ата көшесінің басы және аяғы, «Албан» деген дүкеннің алдында Мұхамет-Салық Бабажанов көшелерінің құрылысы аяқталмаған. Бас мердігер «Құлагер» ЖШС-і 10 канализациялық станция құрылысын аяқсыз тастап кеткен. Оларсыз кәріз желісі жұмыс істемейді. Ал жолдар салынып бітпеген, «Құлагер» ЖШС жұмыстарынан кейін 100 ашық құдық бар. Сосын құдықтардың іші қоқысқа толып жатыр», - дейді Шығыс Ильинка, жергілікті өзін-өзі басқару Қоғамдық кеңесінің төрайымы Қарашаш Тәшенова.


Суретте: Қарашаш Тәшенова

«Біз көрсетілген қызметті қалалық тарифпен төлеп жатырмыз, бізде мұнда асфальт та жоқ, тротуар да жоқ, жарықтандыру да жоқ. Балалар қараңғыда мектептен келеді, қараңғыда кетеді. Өткен жылы Есіл ауданы әкіміне ұжымдық хат жаздық. Көшірмесін қала әкіміне жібердік. Ешқандай нәтиже болған жоқ», - дейді жергілікті тұрғын Марат Байниязов.

БӘРІНЕ «ҚҰЛАГЕР» ЖШС ЖАУАПТЫ...

Жарылған канализацияны жөндеуге де, ойық-ойық көшелер құрылысына да жауапты – «Құлагер» ЖШС-і. Аталған компания үш жылдық бағдарламаны он жылға созды дейді жергілікті өзін-өзі басқару Қоғамдық кеңесінің төрайымы Қарашаш Тәшенова. Мұнан кейін мердігер компаниямен келісімшартты Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы үзіп тастаған екен. Мұнан кейін екеуінің арасында сот басталған. Жұмыстардың қазір тоқтап тұруына да осы жағдай себеп көрінеді.

«Соттың шешімі бойынша «Шығыс Ильинкадағы ЖТҚ-ның құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру анықтамасы» шығарылды. Сот процесі толығымен аяқталғанша, бұл жерде ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Сот шешімі объективті емес! Сотқа тек «Құлагер» ЖШС құжаттары ғана қарастырылды. Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының құжаттары қатыстырылған да жоқ», - дейді Шығыс Ильинка жергілікті өзін-өзі басқару Қоғамдық кеңесінің төрайымы Қарашаш Тәшенова.

Оның айтуынша, жаңа мердігер соттың шешімі жойылғанша жұмысқа кірісе алмайды.

 

Әкімдіктің берген ақпаратынша, Үкілі Ыбырай көшесін жөндеу жұмыстары 2010 жылы басталған. Жобаның жалпы құны – 17 млрд теңге. 2013 жылы Шығыс Ильинканың кәріз жүйесі мен жол құрылыстары аяқталуы тиіс болған.

«Жобаның жалпы құны – 17 млрд теңге. Оған инженерлік желілер және жол құрылысы кіреді. Осы жылға бөлінген ақша – 1 млрд 800 мың теңге. Негізгі жұмыс көлемін Ауған секторындағы жол құрылысы мен кәріз жұмысына жұмылдырдық. Үкілі Ыбырай жол құрылысы мен жарылған кәрізді 2021 жылы жөндеп, аяқтау жоспарланып отыр. 2008 жылы қолға алынған жоба бойынша, құрылыс 2010 жылы басталған. Жобаға бірнеше рет түзету енгізілді», - деді «Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бас маманы Бағлан Алдоңғарова.

11 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ

Айта кетерлігі, «Құлагер» ЖШС-і бөлінген 17 млрд теңгенің 11 млрд-қа жуығын игерген. Дегенмен, кәріз желілері мен жол құрылысы аяқталмаған. Әкімдік, жарылған канализация мен жол құрылысы қашан қолға алынып, құрылыс жұмыстарының қашан аяқталатыны әлі белгісіз, мердігер ұйым анықталған соң белгілі болады деп отыр. Шамамен, 2021 жылы аяқтаулы мүмкін.

Ал «Құлагер» ЖШС жұмысын сот тексеріп жатқанда, елордаға көп ұзамай қыс та келеді. Шығыс Ильинка тұрғындарына ойылған жолмен келесі жылға дейін жүре тұруға тура келеді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары