Семей тұрғындары жолды жауып тастады (ВИДЕО)
Восточный ауылының тұрғындары № 35 жолаушылар автобусының қозғалысына тосқауыл қойды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды
11 қыркүйекте таңертең Восточный ауылының тұрғындары «4-дачи» аялдамасында № 35 автобустың жолын жауып, жүруіне кедергі келтірген, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Arnapress.kz сайтына сілтеме жасап.
Автобус кондукторы полиция шақыруға мәжбүр болған.
Бұл оқиғаны Семей қаласының әкімдігіндегілер былай түсіндірді:
«Белгілі болғандай, бірнеше адам автобустың жолына бөгет болған. Себебі, қоғамдық көліктің іші адамға лық толы болғандықтан, кондуктор есікті ашпай қойған. 7 минуттан соң аялдамаға басқа автобус келіп, жанжал тоқтады. Ал, Восточный ауылының тұрғындары жолды жауып тастады деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді қалалық әкімдіктегілер.
7 қыркүйектен бастап Семей қаласындағы қоғамдық көліктер жаңа маршруттар желісімен жұмыс істей бастады.
Алайда, бұл тәжірибе азаматтардың наразылығын тудыратын бірқатар мәселелерді анықтады. Семейліктер адамға толып келетін автобустарға, жаңа қозғалыс сызбасының қолайсыздығына шағымдануда. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар бұрын ыңғайлы болған кейбір бағыттардың тоқтатылғанына наразы.
Әкімдіктегілер болса, бұл қолайсыздықтардың уақытша екендігіне және бірнеше апта ішінде жүйенің жолға қойылатындығына сендіріп бағуда.