«Бәйтерек» іргесін қазу қашан тоқтайды?
Ашылғанына 10 жылға жуықтап қалған елді мекенде спорт, мәдениет, өндіріс ошақтары мүлде жоқ
Жүк тиеп ерсілі-қарсылы толассыз ағылған көліктер, шаң-тозаң. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының тұрғындары үшін бұл картина үйреншікті құбылысқа айналған. Ересектер бала-шаға мен төрт түліктің қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Оған себеп – ауыл іргесіндегі құм карьері.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 20 наурызындағы 237-ші бұйрығына сәйкес, құм өндіретін карьер елдімекеннен кем дегенде 800 метр қашықтықта болуы шарт. Ал, Бәйтерек іргесідегі «Бескөл» карьері ауылдан небәрі 100 метр қашықтықта орналасқан. 2006 жылы ашылған құм өндіретін орын біртіндеп ауылға қарай ентелеп келеді. Аталған аумақты Қызылжар ауданының басшылығы «Севимсталькон» серіктестігінен 20 жыл мерзімге жалға берген. Оның зардабын ауыл тұрғындары тартып отыр.
«Мен Ресейден қоныс аудардым. Онда тұрмысымыз жаман болған жоқ. Балалардың, немерелердің болашағын ойладым. Елге келген соң ешкімге қол жайған жоқпын. Жер алып үй салдым. Мамандығым мал дәрігері, бірақ ауылда жұмыс жоқ. Қазір мал, құс ұстап күн көріп отырмын. Бірақ жыл озған сайын төрт түлік түгіл, құс бағу да қиындап барады. Сондықтан 7 сауын сиырымның үшеуін ғана қалдыруға тура келді. Өйткені, мал, құс жаятын жер жоқ», - дейді Бәйтерек ауылының тұрғыны Жансейіт Баубаев.
2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауылының алғашқы қазығы қағылды. Елді мекенде Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы сынды елдерден келген қандастарымыз қоныстанды. Ашылғанына 10 жылға жуықтап қалған елді мекенде спорт, мәдениет, өндіріс ошақтары атымен жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын ашылған орта мектепте ғана тұрақты жұмыс орындары бар. 400-ге тарта үйі бар ауылға ол аздық етері анық. Сондықтан тұрғындар аудан және облыс орталықтарына сабылып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал, екі қолға бір күрек таппағандар мал өсіріп жан бағып отыр.
Ауылдың бір шетіне шықсаң республикалық трасса, екінші шетінен Есіл өзені ағып жатса, дәл іргесі карьер. Одан қалды маңайдағы алқаптардың барлығы жеке шаруашылықтарға жалға берілген. Ауыл құдды қоршауда қалғандай. Жергілікті тұрғындар төрт түлікті жаятын жер таппай қиналады.
«Жайылым – Бәйтеректегі өзекті мәселе. Оны аудан басшылығының алдында көтердім. Жалға берілген жерлерді қайтарсақ қана, түйіткілдің түйінін таба аламыз. Кареьерге келетін болсақ, қазба орны 2006 жылы ашылған. Ал ауыл 2009 жылы бой көтере бастады. Сондықтан оның жұмысында заңсыздық жоқ», - дейді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Азамат Нұртаев.
Ал, карьер күннен күнге тереңдеп, аумағы кеңейіп барады. Шұңқырға мал құлап, мертіккен жағдайлар да болған.
Ерсілі-қарсылы жүретін жүк көліктері де ауыл жолдарын жарамсыз күйге түсірген. Аудандық әкімдіктен қайыр болмаған соң, тұрғындар шағымын прокуратураға жеткізген. Бірақ одан еш нәтиже жоқ.
Анықтама үшін:
Жалпы, облыстық Индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшыларының айтуынша, өңірдегі карьерлердің басым бөлігі құм, қиыршық тас және тас алу үшін қазылады екен. Ал, пайдалы қазбаларды қазғысы келетін инвесторларды саусақпен санауға болады. Басқармадағылар кәсіпкерлерден құм мен тас үшін емес, пайдалы қазба үшін жерді қазуын сұрап отыр. Тіпті, жергілікті билік тарапынан қолдан келгенше көмектесуге де әзірміз дейді.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында пайдалы қазбалардың 90 кен орны бос жатыр. Жер астынан алынып жатқан қазбаның 52 пайызы тас пен құм болса, қалған 14 пайызы – топырақ. Сондай-ақ, тағы 5 пайызы – әк, 4 пайызы – тұз, 3 пайызы гранит, ал қалғаны (20 пайыз) пайдалы қазба түрлеріне тиесілі.
СҚО-да жер астынан алынып жатқан шиыршық тас, топырақ пен құмның 94 пайызы жол құрылысында пайдаға асып жатыр екен. ең үлкен карьер Уәлиханов ауданында. Мұнда әдеттегідей тас пен құм емес, тұз алынып жатыр. Көбенсау ауылына жақын орналасқан кен орнының жалпы аумағы 23 мың гектар.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысында қалайы, цирконий, уран, титан, вольфрам, қоңыр көмір және өзге де пайдалы қазбалардың кені бар. Алайда, 90 пайыздан астамы игерілмей жатыр. Қазіргі таңда облыс басшылары оларды игеретін инвесторлар іздеп жатыр. Әзірге тек бір кәсіпкер ғана табылыпты. Инвестор Айыртау ауданындағы Сырымбек кен орнына ақша құюға әзір. Бұл жерде көп мөлшерде қалайы сақталған.
«Қазақстанда есепке алынған қалайының 65 пайызы біздің облыста. Сондай-ақ, цирконидің – 36,6, уранның – 19, титанның – 5, вольфрамның 1,1 пайызы облыс территориясында сақталған. Өңірде Ставрополь кенішінде 329 миллион өңделмеген қоңыр көмір, Асановта – минералды су, Донецк кенішінде 32,4 млн тонна қалайы бар. Әлі зерттелмеген кеніштер жеткілікті», - дейді аймақтық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұлов.