Шымкентте құрылысшылар бас көтерді
Жұмысшылардың айтуынша, жалақыларын екі есеге қысқартып тастаған, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шымкенттің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан МТБЭ өндіру зауытының тұрмыстық корпусының құрылысы осы жылдың қазан айында бітуі тиіс. Алайда, нысанның жоспарлы межеде дайын болары күмәнді. Өйткені құрылысқа жауапты «Қазқұрылыссервис» компаниясының құрылысшылары жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Оған себеп, жалақылары айдан-айға азайып келеді екен.
«Біздің жалақымыз осы жылдың наурыз айынан бастап қысқара бастады. Мәселен, кеше бізге айлық түсті. 76 мың теңге алдық. Бұрын ондай айлықты 15 күнге алатын едік. Қазір бір айға беріп отыр. Компания басшылығы шешеміз дейді. Бірақ, шешкенде де жарытайын деп тұрған жоқ. Қолымызда келісім шарт та жоқ. Келісім шарттың бір нұсқасын бермейді. Жұмыс керек болғаннан кейін, біз ондай мселені көтере бермейміз», - дейді «Қазқұрылыссервис» компаниясының жұмысшысы Жолбарыс Қанатбек.
«Біз таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Вахталық әдіспен 1 айға 15 күн демалуымыз керек. Кейде 1 апта, кейде 8-10 күнде қайта шақыртып алатын болды. Кейде өз еркімізбен де қаламыз. Мысалы, кешегі айда біз 22 күн жұмыс істедік. Соған кеше кешке 66 мың теңге жалақы түсірді. Соған қарсылық ретінде бүгін бәріміз жұмысқа шықпай отырмыз. Алдыңғы айларда 120 мың теңгеден түсіп тұрған. Демалыста жұмысқа шыққанымыз үшін екі есе төлеулері қажет», - деп шағымданды Еламан Ақниязов.
Жұмысшылардың айтуынша, компания өзге өңірлердегі қызметкерлеріне 280-300 мың теңге айлық төлейді екен. Ал, шымкенттіктерге аз төлейтін көрінеді. Бүгінде «Қазқұрылыссервис» компаниясы құрылысшыларға күніне 3 мың теңгеден төлеуде. Ал, жұмысшылар болса тым болмаса 5 мыңға көтерсе деп отыр.
Өкінішке орай, құрылыс нысанында компания басшылығымен тілдесу мүмкін болмады. Өзін нысанды салуға тапсырыс берген компанияның өкілі деп таныстырған Марат есімді азамат түсірілімді тоқтатып, құрылыс алаңынан кетуімізді талап етті.
Арай Есенбек, Шымкент