$ 508.2  589.82  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтауда жолаушылар ұшақтан түсуден бас тартты

Бортта 216 жолаушы болды

Ақтауда жолаушылар ұшақтан түсуден бас тартты
Фото: istockphoto.com

«Pegasus» әуе компаниясының ұшағы Ыстамбұлдан Ақтөбеге ұшып шығып, Ақтаудың әуежайына мәжбүрлі түрде қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірқатар БАҚ жолаушылар әуе компаниясының ұсынысына келіспей, ұшақтан түсуден бас тартқанын жазды. Оқиғаға қатысты Көлік министрлігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«2 желтоқсан күні сағат 14:41-де «Pegasus» әуе компаниясының Ыстамбұл – Ақтөбе бағытындағы рейсін орындаған әуе кемесі межелі пункттегі қолайсыз ауа райына байланысты Ақтау қаласының әуежайына мәжбүрлі түрде қонды. Бортта 216 жолаушы болды. Әуе компаниясының өкілдері жолаушыларға Ыстамбұл қаласына кері ұшып, 2–3 күннен кейін Ақтөбеге қайта шығуды ұсынған. Бұл ұсынысты 186 жолаушы қабылдамай, Ақтөбеге өз бетімен жетуге шешім қабылдады», - деп жазылған хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше желілік полиция бөлімінің қызметкерлері, әуе компаниясының өкілдері және әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметі түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Келіссөз қорытындысы бойынша жолаушыларға әуе компаниясының қонақ үйде орналастыру және Ақтөбеге дейін авиабилет алып беру жөніндегі міндеттемелерін растайтын электронды қолхат жіберілді. Қазіргі уақытта әуе компаниясы мен жолаушылар арасында келісімге қол жеткізілді. Жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр», - дейді министрлік.

Серіктес жаңалықтары