Семейде іші пысқан ер адам басына бәле тілеп алды
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты
Абай облысының Мақаншы ауданының сотында «102» нөміріне әдейі жалған қоңырау шалған ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Істің мән-жайы
Іс материалына сәкес, 2025 жылдың 20 қазанында таңертең құқық бұзушы К. үйінде алкогольдік ішімдік ішіп, полиция бөлімінің «102» нөміріне әдейі жалған қоңырау шалған. Сонымен қатар ол мұндай әрекетті әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.
Полиция органдарына әдейі жалған шақыру жасаған және мұндай әрекетті бір жыл ішінде қайталағандарға 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе қырық сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған.
Тараптардың ұстанымы
Құқық бұзушы өз кінәсін мойындап, сол күні мас болғанын, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзіне қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны қолдануды сұрады.
Полиция қызметкері сотта К.-ның бұған дейін, яғни 2025 жылдың 22 қыркүйегінде осындай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын растады.
Сот шешімі
Құқық бұзушының кінәсі сотта зерттелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция қызметкерінің рапортымен, медициналық куәландыру қорытындысымен және іс материалдарының өзге де дәлелдерімен толық дәлелденді.
«Сот іс материалын зерттей отырып, ӘҚБтК-нің 438-бабы 2-бөлігі бойынша оған 40 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстар түрінде әкімшілік жаза кесті», - деп жазылған хабарламада.
Аталған сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.