$ 513.45  596.99  6.59
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сіңлім қайтыс болды, кірпігін алып беріңізші»: марқұмға сән процедурасын жасау қанша тұрады

Дін маманы шариғат талабы қандай екенін айтты 

«Сіңлім қайтыс болды, кірпігін алып беріңізші»: марқұмға сән процедурасын жасау қанша тұрады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде марқұм болғандардың жасанды тырнағы мен кірпігін алып беретін сән мамандары туралы жазбалар жиі байқалады. Мұсылман адам дүние салғанда, оның денесі толықтай жуып-шайылып, тазартылады. Осыған байланысты кей жағдайда марқұмның тірі кезінде жасатқан жасанды кірпік пен тырнағын алып тастау үшін сән саласының мамандарына жүгінетіндер бар. Azattyq Rýhy тілшісі жақында қайтыс болған бойжеткеннің жасанды кірпігін алып берген шебермен сөйлесіп, оқиғаның қалай болғанын сұрап білді. 17 жасынан бері сұлулық саласында жұмыс істеп келе жатқан Бибісара Құбжетерова өмірінде бірінші рет өлі жанға сән процедурасын жасаған.

«Бұл салада жүргеніме 6-7 жыл болды. Ұзақ уақыт бойы келіп, сәнденіп кететін тұрақты клиенттерім бар. Солардың бірі - 3-4 жылдан бері келіп жүрген бойжеткен жақында көз жұмды. Сол күні құрбыммен киноға барған едім, телефоныма одан хат келді. «Кірпігімді алдырып тастау керек» деп жазыпты. Бір апта бұрын ғана жасап берген едім, сондықтан «Неге тез алдырғалы жатырсыз?» деп сұрадым. Хатты жазған оның әпкесі болып шықты. «Сіңлім қайтыс болды, кірпігін алып берсеңіз, қанша сұрасаңыз да, төлеймін», - деді.

Көп жылдан бері сыйласып келе жатқан тұтынушым болғандықтан, бас тарта алмадым. Мұндай жағдай бірінші рет болды. Суыққанды адам болсам да, қобалжыдым. Бұрын әжем: «Өліден емес, тіріден қорық» деп айтып отыратын. Сол сөз есімде қалған шығар, жансыз адамнан мүлде қорықпадым» дейді Бибісара.

Ол мәйіт жатқан бөлмеге кірген сәтін былай деп еске алады.

«Қыз еденде жатыр екен. Өз жұмысымды бастап кеттім. Өзі өте сұлу бойжеткен еді. Тірі кездегідей, тек ұйықтап жатқандай көрінді. Кірпігін жасатқанына ұзақ уақыт өтпегендіктен, әрі денесі суық болғандықтан, арнайы сұйықтық баяу әсер етті. Әдетте кірпік 10-15 минутта алынады, бұл жолы жарты сағаттай уақыт арнадым. Жұмысымды бітірген соң, ағасы үйіме жеткізіп тастады. «Ақысына қанша теңге берейін» деп сұрады,  мен ақша алмайтынымды айттым».

Бибісара мәйіттің жасанды кірпігін ажырату қызметінен әбестік көрмейтінін, керісінше ізгі амал екенін айтады.

«Келесі күні марқұмның әпкесі маған бәрібір 40 мың теңге аударып жіберді. Ал жалпы алғанда, марқұмның кірпігін алу мен үшін ерсі дүние емес. Керісінше, сауапты іс деп ойлаймын», - дейді ол.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына жүгініп, шариғат бойынша мәйітке сән процедурасын жасаудың ережесін сұрап көрдік.

«Қайтыс болған адамға қатысты шариғаттың бірнеше қағидаты бар. Сол талаптар сақталу керек. Бірінші қағида – бақилық болған адамның қадір-қасиеті тірі адаммен бірдей. Жаны бар адамға не нәрсе зиян болса, оны қайтыс болған адамға да жасауға болмайды. Екінші қағида – мәйітті жуындырғанда бүкіл денесіне су тию керек. Ал жасанды тырнақ пен кірпік су тиюіне кедергі жасайды, сол себепті дене толық жуылмай қалады. Осыдан шығатын қорытынды: егер марқұмға тірі кезінде зиян келмейтін деңгейде жасанды тырнақ, кірпікті алып тастау мүмкіндігі болса, оны алып тастаған дұрыс», - деді Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Маманның сөзінше, адамның денесіне жабыстырылған дүниелерді ойып, қорлап алып тастауға болмайды. Мәйітті олай қинауға дінде рұқсат етілмегінін айтты ол.

Серіктес жаңалықтары