Сингапурда есірткі қылмысына қатысы бар 3 адам өлім жазасына кесілді
Бұл елде азаматтан 500 грамм каннабис табылса, өлім жазасына бұйырады
Сингапурда биыл 17 адам өлім жазасына кесіліп, 2003 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС-дің дерегінше, үкімдер есірткі қылмыстары бойынша өлім жазасын конституциялық деңгейде қайта қарау жөніндегі тыңдалымға бір апта қалғанда жүзеге асырылған.
Еуропа одағының делегациясы, сондай-ақ ЕО елдері, Норвегия, Швейцария және Ұлыбританияның дипломатиялық миссиялары екі сингапурлық азамат пен Малайзия азаматы Саминатан Селвараджудың өлім жазасын айыптады.
Белсенділер тобының пікірінше, есірткіге қатысты баптар бойынша міндетті өлім жазасы азаматтардың өмір сүру және заң алдында тең болу құқықтарын шектейді. Transformative Justice Collective ұйымы Сингапурдың есірткіні бақылау саясатын «жабайылық» деп атап, елдің бұл тұрғыда әлемнен оқшауланып бара жатқанын мәлімдеді.
Үкімет керісінше, өлім жазасын алып тастаса, елде ауыр қылмыстар көбейеді дейді. Билік өкілдерінің айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге мемлекеттерінде өзекті болып отырған есірткінің заңсыз айналымын қатаң жаза арқылы тежеуге болады. Заңға сәйкес, 15 грамнан артық героин, 30 грамм кокаин, 250 грамм метамфетамин немесе 500 грамм каннабис айналымы анықталған жағдайда сот міндетті түрде өлім жазасын тағайындайды.
Сарапшылар өлім жазасының көбіне әлеуметтік осал топтардан шыққан ұсақ тасымалдаушыларға қолданылатынын, ал қылмыстық желілерді ұйымдастырушыларға әсер етпейтінін айтады. Үкімет есірткіге қатысты қазіргі саясаттың Сингапурды әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің біріне айналдырғанын алға тартады. 2023 жылғы сауалнама бойынша, сингапурлықтардың 69%-ы ірі көлемдегі есірткі саудасына өлім жазасын орынды жаза деп санайды.