«Өз парызымды орындадым»: Ақмарал Әлназарова ұшақтағы жағдайға қатысты жауап берді
Таяуда министрдің ұшақ ішіндегі видеосы жарияланған еді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақта жолаушыға жедел көмек көрсеткені туралы әлеуметтік желіге тараған видеоға қатысты пікір білдірді. Министр қоғамда айтылған «пиар үшін жасалған» деген қауесеттерге жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өкінішке қарай, күмәнданғандар бар. Бұл – алғаш рет көмек көрсетуім емес, бірақ бірінші рет біреу түсіріп, әлеуметтік желіге таратып жіберген жағдай болды. Жолаушының қан қысымы көтеріліп, «дәрігер бар ма?» дегенде, әрине, бірден барып көмектестім. Кез келген медицина қызметкері дәл солай істейді. Сондықтан мұнда күмәнданатындай ештеңе жоқ. Адамдардың пікіріне әсер ете алмаймын. Ең бастысы өз парызымды орындадым», - деді министр.
Еске салайық, Ақмарал Әлназарова Астанадан Алматыға бағыт алған рейсте есінен танып қалған жолаушыға көмек көрсеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралып, қоғамда қызу талқыланған еді.