Instagram-да ұтыс ойнататындардың жағдайы қиындайды
Инстаграмда оңды-солды ұтыс ойнатып, бір тиын салық төлемей, тайраңдап жүргендер енді қайтпек?
Қазақстанда заңсыз лотерея ойнатқан жеке тұлғалар ұтыстан түскен бүкіл табысынан қағылуы мүмкін. Оған қоса 200 АЕК (505 000 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелмек. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде, оның ішінде Инстаграмда оңды-солды ұтыс ойнатып, бір тиын салық төлемей, тайраңдап жүргендер енді қайтпек?
Желідегі «жеңіл» бизнесті депутаттар енді байқады
Парламент Мәжілісіне «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы түскен. Ертең депутаттар осы заң жобасына қатысты алғашқы отырыс өткізіп, талқылайды. Бұған дейін заңда лотереяны заңсыз ойнатты деген норма толық анықталмаған еді. Анықталған күннің өзінде, ондай адамдарға ешқандай шара қолданылмайтын.
«Сәтті Жұлдызға» ғана сеніңіз
Қазақстанда лотерея саласын реттейтін уәкілетті орган – Мәдениет және спорт министрлігі, соның ішінде спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет. Біздің ресми сауалымызға жауап берген ведомство қазір Қазақстанда бір ғана ұйым лотерея өткізуге құқылы екенін айтты.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 10 ақпанда қол қойылған №48 қаулысына сәйкес, «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы 15 жылға лотерея операторы болып бекітілді. Яғни, Қазақстан Республикасының аумағында лотереяны тек «Сәтті Жұлдыз» АҚ өткізе алады», - делінген ресми жауапта.
Лицензия берілмейтін бизнес
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, лотерея қызметі дәл қазір лицензия берілмейтін бизнес түріне жатады. Лотереяны заңды жолмен ойнату үшін «Сәтті Жұлдыз» АҚ-мен арада екіжақты келісімшарт жасау керек. Дегенмен, «Сәтті жұлдыздың» сенімін алмай-ақ Инстаграм парақшаларында жеке тұлға ретінде ұтыс ойнатып жатқан адамдарға қандай да бір шара қолдану мүмкін емес. Өйткені, олар лицензия берілмейтін бизнеспен айналысып отыр.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының тауар сату мақсатында ұйымдастырып жатқан осындай ұтыстары «жүлде», «лотерея» сияқты лотерея бизнесінде қолданылатын сөздерден тұрады. Бірақ, бұндай ұтыстар азаматтардың ұтысты алатынына кепіл бере алмайды», - деп ескертті министрлік мамандары.
«Insta-жұлдыздардың» ешқайсысы келісімшартқа қол қоймаған
«Азаттық рухы» тілшісімен әңгімелескен «Сәтті жұлдыз» АҚ-ның пиар-менеджері Әсемгүл Сыздықова әлеуметтік желілерде лотерея ойнатып жүрген тұлғалардың арасында оператормен келісімшарт жасасқандар жоқ екенін мәлім етті.
«Сәтті Жұлдыз» АҚ Қазақстандағы ресми оператор болып 2017 жылдың 10 ақпанында Үкімет қаулысымен таңдалған болатын. Қазір қандай да бір бизнес өкілі лотерея билеттерін сатамын десе, онда ол үшін таратушы келісімшартына қол қоюы керек. Қазақстан бойынша бізде 2000 мыңға тарта осындай таратушы бар.
Бірақ, Instagram арқылы сайыстар ұйымдастырып жатқан адамдардың ешқайсысы бізге хабарласқан жоқ және олар келісімшартқа отырған жоқ», - дейді Әсемгүл Сыздықова.
PR маманның айтуынша, ұйымдастырушы адамның өз сайысына қандай анықтама бергеніне, яғни, жұртшылыққа қалай таныстыратынына байланысты ұтыстың заңды/заңсыз екенін анықтауға болады.
«Біз қазір байқап жүрміз, жеке тұлғалар ғана емес, көптеген компаниялардың өзі «лоторея» деген сөзді қолданады. Солай бола тұра, бізбен келісім жасамайды. Ол заңға қайшы. Егер де сайыс ұйымдастырушысы «ұтыс ойыны» деп атайтын болса, немесе марафон өткізсе, ол лотереяға жатпайды. Лотерея болуы үшін ол жерде лотерея билеттері, лототрон болуы керек. Яғни, Instagram желісіндегі лотереялар заң жүзінде іске асырылып жатқан жоқ», - деп түсіндірді Әсемгүл Сыздықова.
Байланысқа шыққысы келмейтін «батпан құйрық» иелері
Instagram әлеуметтік желісінің қазақстандық сегментінде жуық арада болады деп жоспарланып жатқан ең үлкен ұтыстың бірін ақын Айнұр Тұрсынбаева өткіземін деп отыр. Ақпаратты оның жеке парақшасынан білдік. Соңғы уақытта психолог ретінде тренингтер өткізіп жүрген Айнұр Тұрсынбаева өзінің психологиялық кітабын 7 мың теңгеге сатып алған адамдар арасында ұтыс ойнатып жатыр. Бас жүлде – Нұр-Сұлтан қаласындағы 320 шаршы метрлік пентхаус, бағасы 100 млн теңге. Ары қарай қажылыққа жолдама, ақшалай сыйлықтар, тағысын тағы.
Ақын ұтыс ойыны туралы жарнаманың астына жазған комментарийлерінде «лототрон», «лоторея» деген сөздерді қолданады. Бірақ, «Сәтті жұлдыз» АҚ-мен сенім келісімшарт жасады ма, әлде, бұл ұтыстан салыққа қандай да бір төлем жасала ма, белгісіз. Байланысқа шыққымыз келіп, Бағлан есімді директорына қоятын сұрақтарымызды да жібердік. Алайда, ол телефонын өшіріп, хаттарға жауап берген жоқ. Ал, Айнұр Тұрсынбава тұтқасын көтермеді.
Жуырда болады деп жарнамаланып жатқан тағы бір ұтыс ойынын Дәулет есімді азамат жүргіземін дейді. Ол бұған дейін де Нұр-Сұлтан қаласындағы бір бөлмелі пәтерді ұтысқа салған.
Бұл жолы Алматыдан бір бөлмелі пәтер және тағы да басқа бағалы жүлделерді ойнату үшін ол бір билетті 10 000 теңгеге сатқан. Өзінің жазуынша, барлығы 3200 билет сатылған, яғни, билеттер сатылымынан 32 млн теңге түскен. Ұтыс ойынын 19 қыркүйек күні тікелей эфирде өткізбек.
Дәулет Мұқаев басқа тұлғалардан қарағанда, журналистердің сұрағынан қашқан жоқ. Қаржы және салық бағытына жауапты көмекшісі Ұлан Дәулетхалидің айтуынша, бұл команда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және табыс салығын төлейді.
«Негізінен біздің ұйымдастырып жатқан ұтысымызды лотерея деп атауға да болмайтын шығар. Өйткені, біздің билеттерді сатып алған адамдар демеушілеріміздің жеңілдіктерін бес жыл ішінде пайдалана алады. Ең бастысы, біз түскен қаржыдан қайырымдылыққа да көп ақша бөлеміз.
Ал, жалпы, жеке кәсіпкер ұйым ретінде салық түрінің бәрін төлейміз. Осы болатын ойынның салығы ұтыс аяқталғаннан соң төленеді», - дейді Ұлан Дәулетхали.
Оның айтуынша, ұтыстың қайда және қалай өтетіні әлі белгісіз. Бір анығы, билеттер бір жәшікке салынып, жиналғандардың арасынан бір адам билет таңдап алады.
Белгілі профессор Омар Жәлел де Instagram желісіндегі жеке парақшасына «Нұр-Сұлтан қаласынан 5000 теңгеге пәтер алып, қонысыңды тойла» деген жарнама жариялап отыр. Әрқайсысы 5000 теңгеден төрт мың билет сатылған соң, Нұр-Сұлтан қаласында ұтыс ойнатылмақ. Омар Жәлел де бұл ұтысында «лоторея» сөзін қолданған.
Министр Смайлов та қазынаға салық түскенін қалайды
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайлов «Азаттық рухы» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, мұндай ұтыс өткізетін әрбір адам кәсіпкерлік белсенділігін тіркеуі керек дейді.
«Әр кәсіпкер кәсіпкерлік белсенділікті жасайтын болса, Салық кодексіне сәйкес, тиісті салық міндеттемелерін орындауы қажет. Сондықтан, олар да салық төлейді. Барлық белсенділік лотерея туралы заңнамаға сәйкес орындалуы қажет», - деді ол.
Ал, ертең Мәжілісте арнайы жұмыс тобы лотерея бизнесіне қатысты кейбір заңдарға ұсынылып отырған өзгерістерді талқылайды. Жұмыс тобының жетекшісі – депутат Әлия Сапарова.
Мәжіліс сайтындағы мәліметке сүйенсек, заң жобасы төменгі палатаға маусым айында түскен. Бұрын заңсыз лотерея ойнату ешқандай құқық бұзушылыққа жатпаса, заң жобасында әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа жатқызу ұсынылған. Бұндай адамдарға бірінші рет ескерту жасау көзделген. Егер бір жылдың ішінде тағы заң бұзса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кiрiстер тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – 200, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 750, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2000 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, технологиялардың дамып, лотерея өткізудың түрлі жолдары пайда болған соң, лотереяны өткізудің ережелері және тәсілдеріне қойылатын талаптарды әзірлеу ұсынылып отыр. Бұл заң жобасы біздің редакция назарында болады.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан