$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.11.2019, 16:18
Қоғам

8 банк жалғыз баспанасы бар борышкерлерді үйлерінен шығармауға келісті

Алматыда Ұлттық банк жанындағы жұмыс тобы ипотекалық борышкерлердің қарызын қайта қараудың үшінші кезеңін талқылады

8 банк жалғыз баспанасы бар борышкерлерді үйлерінен шығармауға келісті
Фото: ашық дерек көзінен

Жұмыс тобына кіретін бірнеше қоғамдық ұйым өкілдері осы бағдарламаның үшінші кезеңі қабылданады деп үміттенеді. Ол жерде негізінен екі сұрақ көтеріліп отыр. Егер қарызға алған баспанасы жалғыз болса, үйден сот шешімімен шығармауды талап еткен еді. Екінішіден, әлеуметтік аз қамтылған топтардың берешегін кешіру.

Борышкерге тиіспеуге қандай банктер уәде берді?

«Azattyq Rýhy» тілшісі осы мәселеге орай ипотекалық берешегі бар азаматтардың құқығын қорғайтын ұйым өкілдерімен тілдесіп көрді. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ризабекованың айтуынша, бұл бағытта банктермен келісімдер жүріп жатыр.

«Тиісті іс-қимылдарды Ұлтық банк өз тарапынан жасап жатыр. Ол үшін жұмыс тобы құрылған болатын. Алматыда үш рет, Астанада үш рет отырыс жасадық. Бүгінде ең негізгі мәселе - меморандумға қол қою. Яғни, ипотекалық борышкерлердің құқығын қорғайтын ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер арнайы келісімге қол қойдық. Бұл келісім бойынша қазір 8 банк жалғыз ғана баспанасы бар азаматтарға тиіспейміз деп сөз берді. Олар сот шешімі шығып қойған үйлерден борышкерлерді шығармау, жеке сот  орындаушыларын тоқтату, қосымша арыздар бермеу сияқты талаптарға құлақ аса бастады», - дейді   бірлестік төрайымы

Тараптар бірнеше рет кездескен соң, борышкерлердің талабына ForteBank, Халық банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, RBK банкі, бұрынғы Цесна банк, БЦК, Нұрбанк және Евразиялық банкі көнген. Олар арнайы уағдаластық аясында жалғыз баспанасы ипотекамен рәсімделген азаматтарды үй-жайдан уақытша шығармауды мақұлдаған.    

Әлеуметтік аз қамтылғандардың ипотекалық берешегі не болмақ?

Ал екінші талап бойынша, яғни әлеуметтік жағынан аз қамтылған борышкерлерге қатысты мәселе нақты шешімін таппапты. Қоғамдық ұйымдар мұндай категорияға жататын азаматтарды 4 топқа бөлген. «Кәусар бұлақ» әлеуметтік көмек көрсету орталығының жетекшісі Ұлданай Қамбарованың дерегінше олар төмендегідей.

«ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, оларға теңестірілгендер (223 борышкер - 1 млрд 65 млн теңге); Бірінші және екінші топтағы мүгедектер (145 борышкер - 634 млн теңге); Мүгедек бала асырап отырған отбасылар (190 борышкер - 1 млрд 68 млн теңге); Жетім балалар немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар (6 борышкер - 25 млн теңге)»,- дейді орталық жетекшісі. 

Бұл азаматтардың негізгі табыс көзі әлеуметтік-мемлекеттік төлемдермен шектелген. Тиісінше, қарызды жабу мүмкін болмағандықтан, оны қайта қарауды сұрап отыр.

Шолпан Ризабекованың айтуынша, Ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы жұмыс тобының отырысында екінші деңгейлі банктерге жоғарыдағы категорияға жататын борышкерлерді түгендеуді тапсырған. Яғни әлеуметтік әлсіз топтар бойынша тізім жасалып, мұқтаж адамдардың нақты саны анықталатын болады.

Жалғыз баспана үшін күресіп жүрген кімдер?

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бойынша үшінші кезеңді талқылау үшін құрылған жұмыс тобына ондаған ұйым кіреді. «Оставим народу жильё» бірлестігі, «Обеспечьте народ жильем» ұйымы, «Единственное жилье» бірлестігі, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі, «Халықтың жалғыз баспанасын қорғайық» ұйымы, «Кәусар бұлақ» әлеуметтік көмек көрсету орталығы, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры, «Мүгедектердің бастамашыл тобы» бірлестігі сияқты ұйымдар қайта қарыжыландыруға жататын қосымша 5 мың борышкердің тізімін жасаған. Олардың қатарына ипотекамен алған жалғыз баспанасы барлар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған борышкерлер кіреді.

Ұлттық банктің басқарма басшысы Александр Терентьев елімізде ипотекалық берешегі бар азаматтардың санын нақты айту қиын деп есептейді. Ол қарыздарды қайта қаржыландыру бойынша алғашқы екі бағдарлама сәтті жүзеге асса, револьверлі әдіспен 2026 жылға дейін ипотекалық берешегі бар 40 мың адамның қарызы қайта қаралатынын айтады.

Еске салайық, алғашқы екі кезеңнің бірі 2015 жылы іске қосылған болатын. Елбасының тапсырмасымен 130 млрд теңге 2004-2009 жылдары ипотекалық қарыз алған 25 мың отандасымыздың берешегін қайта қаржыландыруға бағытталған. Ал екінші кезең 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін АҚШ валютасымен ипотекалық қарыз алғандардың берешегін жеңілдетуге арналды. Ол бойынша 8,4 мың азаматтың 74 млрд теңгеге бағаланған қарызы теңгемен қайта қаржыландырылыпты.   

Ришат Асқарбекұлы, Алматы.

Серіктес жаңалықтары