$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.11.2019, 17:45
Қоғам

Алматы облысында учаскелік полицей өртеніп жатқан пәтерден әйел адамды құтқарып қалды

Бұл жағдай Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылында болған

Алматы облысында учаскелік полицей өртеніп жатқан пәтерден әйел адамды құтқарып қалды

6 қараша күні учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ербол Аманбаевқа көппәтерлі үйлердің бірінде өрт шықты деген хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл келген полицей өрт сөндірушілерді күтпей, пәтер есігін бұзып кірген. Түтінге оранған үйден 59 жастағы пәтер иесін далаға алып шыққан. Сондай-ақ өртеніп жатқан пәтердегі газ толы баллонды далаға шығарып, үлкен қауіптің алдын алған.

«Пәтер иесі Роза апай өртті өзі сөндіруге тырысқан тәрізді. Өйткені, ас үй мен жуынатын бөлме арасында дәлізде жатыр екен. Мен оны тез арада қауіпсіз жерге апардым. Шұғыл кірдім де, газ баллонды ажыратуға тырыстым. Болмаған соң, шлангты пышақпен кесіп, далаға шығардым. Қолымды оңдырмай күйдіріп алдым. Өрт ас үйден шыққан сияқты, себебі тоңазытқыш, жиһаздар мен қабырғалар өртеніп жатыр екен. Жуынатын бөлмеден су тасып, қолымнан келгенше өртті сөндіруге тырыстым», - деді Ербол Аманбаев.

Рудничный ауылында 1000-нан астам тұрғын бар. Тау етегінде орналасқан ауылдың өз мектебі, күндізгі медициналық ауруханасы, әкімдігі бар. Дегенмен, өрт шыққан жағдайда ауыл тұрғындары 50-60 шақырым қашықтықта орналасқан Текелі қаласынан көмек күтуге мәжбүр.

«Ауыл таулы жерде орналасқандықтан, оған жету үшін біраз уақыт қажет. Осыны ескере отырып, учаскелік полиция қызметкерінің шұғыл әрекеті мен өрт сөндіру кезіндегі шеберлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Өртті сөндіру кезінде капитан Ербол Аманбаев сол қолын күйдіріп алды. Алайда, медициналық көмек көрсетіліп, қызметіне қайта оралды. Қазір әдеттегідей жұмысын жалғастыруда», - деп толықтырды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Әмірболат Құсайынұлы

Серіктес жаңалықтары