$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.11.2019, 20:31
Қоғам

Тоқаевқа жазған оқушы хатына Білім министрі жауап берді

10 сыныпта оқитын алматылық Нұрбақыт Ғалымжанның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған әсерлі хатына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді

Тоқаевқа жазған оқушы хатына Білім министрі жауап берді
tengrinews.kz

Оқушы Нұрбақыт хатында демалыс мерзімін ұзартуды, кейбір пәндерді мектеп бағдарламасынан алып тастауды, спорт секцияларын тегін қылуды сұраған.

«Нұрбақыт, мен сенің ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатыңды оқыдым. Сенің пікіріңді бағалаймын, өйткені еліміздегі барлық оқушылар үшін жауапкершілік маған жүктелген. Білім министрлігінің жұмысы да сен және сенің достарыңның білімді болып өсуіне, Қазақстанның дамуына үлесін қосуына негізделген», - дейді министр.

Алматылық оқушы Президентке жазған хатында мектеп бағдарламасынан «жаратылыстану», «өлкетану» сияқты «зеріктіретін» пәндерді алып тастау туралы айтқан. Оқушының бұл өтінішіне Білім министрі мектептегі пәндердің бәрі маңызды екенін, барлық пәнді қатар білу керек екенін айтқан.

«Тоқсан арасындағы үзіліске келсек. Мектеп бағдарламасына сәйкес, оқушылардың әр тоқсан сайын қажетті деңгейде демалып, келесі тоқсанға күш жинап шығуына жеткілікті үзіліс беріледі», - деді.

Министр оқушының спортпен шұғылдану туралы құлшынысына қолдау білдірді.

«Қазір сен оқитын қалада спорт секциялары жұмыс істейді, біз олардың санын көбейтіп жатырмыз. Алматыда оған қоса оқушыларға арналған сарай бар, біз осындай бірнеше оқушылар сарайының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Сен сияқты балалар спортқа деген құлшынысын жоғалтпас үшін, оларды әртүрлі секция және үйірмелермен қамту үшін бұл бағыттағы жұмыстар жақсарады», - деп уәде берді Аймағамбетов.

Білім министрі болашақта бұл баладан чемпион немесе ғалым шығады деп ойлайды. Сондай-ақ, министр оның болашақта еліміздің бетке ұстар азаматы болып өсуіне тілек білдірді. 

Серіктес жаңалықтары