Түркістан облысында карантин талаптарын бұзудың 300-ден астам фактісі тіркелді
25 күн ішінде Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында 312 тәртіп бұзушылық анықталды
Тәртіп сақшылары жүргізген рейд пен оның нәтижелері туралы Azattyq Rýhy тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлерінен мобильдік топтар құрылып, рейдтік ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде азық-түлік дүкендері, асханалар мен дәмханалар, шаштараздар мен автожуу орындары, спорт кешендері, ойын-сауық орталықтары және қоғамдық көлік жүргізушілері, жолаушылар, жалпы адамдар көп шоғырланатын жерлер тексерілуде. Осындай кезекті тексеріс кезінде Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері карантин талаптарын сақтамаған бірқатар нысан иелерін анықтады.
«Мәселен, облыс орталығындағы дүкендердің бірінің сатушысы медициналық бетпердесіз және қолғапсыз қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, құрылыс заттар дүкені мен тағы бір азық-түлік дүкенінің иелерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағандығы белгілі болды. Одан соң келесі күнгі рейд барысында мейрамхана иесінің мерей той жасағандығы анықталды. Аталған жайттар бойынша Түркістан қалалық басқармасының полицейлері тиісті іс-құжаттарды жинақтап, СЭС-ке жолдады», - делінген хабарламада.