Грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов Атырауда төбелесте қаза тапты
18 жасар спортшы атыс жарақатынан мерт болды
9 тамызға қараған түні Дамбы мен Құрманғазы ауылдарынан келген бірнеше жігіттің арасындағы төбелес кезінде атақты атыраулық спортшы, грепплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатов қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап. Ол оқиға орнында атыс жарақатынан қайтыс болды. Азия чемпионы осыдан бір апта бұрын 18 жасқа толған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген хабарламада:
«Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған күдіктіні ізін суытпай анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде» делінген.
Еске сала кетейік, талантты жас спортшы Сиғуатов Есенбек Тоқсанбайұлы грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Атырау облысы құрама командасының мүшесі ретінде жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.