ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

«Мені ұмытып кеткен»: Ақмолада шенеуніктердің салғырттығынан жетім жігіт баспанасыз қалды

Оның талап-арызын сот та қанағаттандырмаған

Конституцияны қарасақ, біздің мемлекет әлеуметтік топтарға жататын жандарды ерекше қорғауына алған. Әсіресе, ата-ана қамқорынсыз қалған балалар өсіп-өніп, жетіліп кеткенше мемлекеттен әр түрлі көмек алады. Олардың кәмелет жасына толғаннан кейін баспаналы болуын да жергілікті әкімдіктер қамтамасыз етуі керек. Заңда солай көрсетілген.

Алайда, Көкшетауда тұратын Қанат Мажиманов сол жергілікті шенділердің және өзі оқыған колледж басшыларының «ұмытшақтығынан» 10 жылдан бері баспанасыз сандалып жүр. Оның балалық шағы Ақмола облысы Есіл қаласындағы балалар үйінде өткен. Онымен бірге өскен ұл-қыздың бәрі қазір үйлі-жайлы, отбасын құрған. Ал Қанат заң арқылы да өзіне тиесілі пәтерін ала алмай жүр.

«Балалар үйіндегі мектепті бітірдім. Қандай себеп болғанын білмеймін, мен балалар үйінде пәтер кезегіне қойылмаппын. Бағып-қаққан тәрбиешілерім мені баспана кезегіне қоюды «ұмытып» кетіпті. Бала болған соң бұған аса мән де берген емеспін. Орта білім алғаннан кейін Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылындағы «Агробизнес» колледжінде электрші мамандығын алып шықтым. Бір өкініштісі, бұл жерде де мен тиісті кезектен құр қалыппын. Қазір жасым жиырма сегізге жетті. Менімен жасты тіпті, менен кейін мектеп бітірген ұл-қыздардың бәрі пәтер алды. Тіпті, алды үйленіп, балалы-шағалы болып жатыр. Ал мен қалада бірнеше баламен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмын. Көкшетау қаласындағы пәтер кезегіне 2016 жылы өзім барып тұрдым. Қазір пәтер кезегінде 696-шы болып тұрмын», - дейді Қанат Мажиманов.

Балаң жігіттің бағына орай Көкшетауда қайырымды адам кезігіпті. Жетім жігіттің тағдырына алаңдаған кәсіпкер азамат Қанатқа баласындай қарап, барынша көмек көрсеткен.

«Мен құрылыс жұмыстарымен айналысамын. Бірде үй салып жатқанда қасымызға екі жас жігіт келді. Біраз әңгімелесіп отырдық. Олар Қанатқа жұмыс іздеп жүрген екен. Электрші жігіт маған бірден ұнады. Артық сөзі жоқ, өзі тым жуас екен. Жетімдіктің азабын тартқан тағдыры қатты алаңдатты. Әсіресе, пәтер азабын тартып, сол себепті үйлене де алмай жүргені жаныма батты. Бірден бауырыма тартып, көмек көрсетуге бел будым. Алдымен, құжаттарын алып жеке кәсіпкерлік аштырдым. Тапсырыс қабылдап, электршілік мамандығымен тұрақты нәпақасын табуына көмектестім. Кәмелет жасынан бері он жылға жуық пәтер жалдап келеді. Таныс адвокатпен сөйлесіп, облыс әкімінің атына хат жаздық. Облыс әкімдігі қалалық әкімдікке жіберді. Қалалық әкімдік Қанаттың Есіл ауданында тіркелуі тиіс екенін айтып, пәтер кезегінің алдына шығарудан ат-тондарын ала қашты. Жетімді жылатпай, іске адамгершілікпен қарағаны жөн болар еді. Алайда, әлі күнге соттың табалдырығын тоздырудамыз. Қанаттың қызы бар. Бұйырса, бәрі шешімін тапса, қыздың анасымен сөйлесіп, үйлендіріп жіберуді де ойлап отырмын», - дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген кәсіпкер азамат.

Қанаттың ісімен айналысып жатқан адвокат кезінде заң талаптары бұзылса да, Көкшетау қалалық соты талап-арызды қанағаттандырмағанын алға тартты.

«Заңға сәйкес, жетім балалар мемлекеттің тікелей бақылауында болып, пәтер бірінші кезекте берілуі тиіс. Бірақ белгісіз себептермен баланың заңды өкілдері саналған Есіл қаласындағы балалар үйі де, Шағалалы ауылындағы «Агробизнес колледжі» де бұл міндеттерін ұмыт қалдырған. Ал «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 71-бабы бойынша бала білім беру ұйымына түскен соң алты ай ішінде жергілікті атқарушы органға тізімге қойылуы керек. Ал бұл заң өрескел бұзылған. Есіл аудандық балалар үйі де, Шағалалы «Агробизнес колледжі» басшылығы да өз кінәларын мойындап отыр. Осы мәселеге тікелей жауапты Ақмола облыстық білім басқармасы бұл мәселені назардан тыс қалдырған. Содан қалалық әкімдік пен облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын сотқа беріп, заңбұзушылықтардың түзетіліп, жетім жігітке заңды түрде үй берілуін талап еттік. Алайда, Көкшетау қалалық соты біздің талап-арызды қанағаттандырмай тастады. Біз одан ары істі облыстық сотқа апелляцияға бердік. Тізімге енбей қалуына ол кінәлі емес. Баланың заңды өкілдерінің салғырттығының салдарынан болған жағдайды реттеу және оның кезегі тиісті орнына қойылуы тиіс», - дейді адвокат Рашид Евниев.

Дегенмен, сотқа берілген Көкшетау қалалық әкімдігі мен Ақмола облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтар өз уәжі бар.

«Жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды заңды өкілдері жергілікті атқарушы органға баспана алу үшін тізімге білім беру ұйымына түскеннен кейін 6 ай ішінде қою керек деген заң 2013 жылы шықты. Алайда, бұл уақытта Қанат Мажиманов кәмелет жасына толып қойған еді. Сондай-ақ, ол Ақмола облысында емес, тұрғын үй алу тізіміне туған жері Торғай облысы Арқалық қаласында кезекке қойылуы тиіс болған», - дейді Ақмола облысы білім басқармасының ресми өкілі Арай Әбенова.

Ал, Көкшетау қалалық әкімдігінің заңгері О. Тұрсынбаев жетім балалардың кезектен тыс баспана алуы заңға қайшы деп есептейді.

«Қанат тұрғын үйге мұқтаж ретінде ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Заңға сәйкес, сол тізім бойынша ретімен беріледі. Ал кезектен тыс тұрғын үй ұсынуы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74-бабының 1-тармағына қайшы келеді. Оған сәйкес, баспана мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезек тәртібімен ұсынылады», - дейді ол.

Осылайша, кезінде мемлекеттік органдардың, яғни баланың заңды өкілдерінің іске салғырт қарауынан, жетім баланың тағдыры ауыр қиындыққа тап болған. Қазір облыстық соттың қарауында жатқан істің қалай шешілетіні әзірге белгісіз.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы