Әйел адамдар такси мен автобустарда жиі қиындыққа тап болады
Соңғы уақыттары таксиге мінген жолаушылардың қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып барады. Жүргізушінің ерсі қылығынан әсіресе нәзікжандылар әбден зәрезеп болды. Жолаушылардың бірі көлік иесінің интимге ашықтан ашық шақырғанын айтса, енді бірі көз алдында ұятсыз қылық жасап, жыныс мүшесін көрсеткенін жеткізді. Azattyq Rýhy тілшісі бүгінге дейін болған келеңсіз оқиғаларды топтастырды.
Астанада InDrive таксиінде болған жағдай. Астана қаласында көңіл көтеру орнынан шыққан бойжеткенге InDrive таксиінің жүргізушісі ашықтан ашық интимді қатынас ұсынып, орынсыз қылық танытқан. Бойжеткен ер адамның ерсі ұсынысынан бас тартқанмен, райынан қайтпаған. Алайда ол жүргізушіні алдап, көліктен әрең дегенде қашып құтылған. Жағымсыз оқиға биыл 11 қазан күні болған.
«Ұсынысынан бас тартсам да қояр емес. Мені ашықтан-ашық жыныстық қатынасқа шақырып тұр. Жағдай түнгі уақытта болған еді. Үйіме төте жолмен жеткізудің орнына айналшықтап кетті. Енді менің жағдайымды елестетіп көріңіз», – дейді жолаушы.
Желідегі жазбадан кейін компания ресми жауап беріп, артынша такси жүргізушісінің соттан бір-ақ шыққаны белгілі болды. Әкімшілік сотта ісі қаралып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалды.
Отадан шыққан бойжеткеннің оқиғасы. Отадан шыққан әйел адам InDrive таксиімен үйіне жылдам жетпек болған. Жүргізуші жолаушының жағдайын көріп тұрғанмен, музыканы бар даусына қойып, мазасын қашырған. Ал әйел адамның өтінішіне дөрекі жауап беріп, бас тартқан. Өзінің қауіпсіздігін ойлаған ол бәрін видеоға түсіріп, желідегі парақшасына жариялаған.
Автобустағы жағдай. Алматыда автобуста отырған ер адам кішкентай қыз баланың көзінше мүшесін ұстап, мастурбация жасаған видеосы лезде әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында болған. Видеодан кейін көп ұзамай ер адам ұсталып, қамалды.
Астанада такси жүргізушісінің ерсі әрекеті. Астанада жүріп бара жатқан көліктің иесі рульде отырып, оғаш әрекет жасаған. Ал оның видеосын кездейсоқ байқап қалғандар түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаған. Астана қаласының Полиция департаменті көп ұзамай әлгі жүргізушіні қолға түсіріп, сот шешімімен 15 тәулікке қамап тастады. Оқиға 2025 жылдың тамыз айында болған еді.
Тағы да InDrive жүргізушісі. Астанада такси жүргізушісі тапа-тал түсте артында отырған жолаушының көзінше анайы әрекет жасаған.
«Ол маған айнадан қайта-қайта қарап тұрып отырды, бір кезде оғаш әрекетке көшкенін түсіндім. Барлығы анық көрініп тұрды. Қатты қорқып қалдым. Анам жанымда отырды, бірақ ештеңені байқамады», – деді жәбірленуші.
Шошып қалған бойжеткен істің бәрін видеоға түсіріп, Полиция департаментіне арыз түсірген. Ол да сот шешімімен 15 тәулікке темір торға қамалды.
Автобустағы кезекті оқиға. Адам толы автобустың ішінде отырған ер адам қасындағы қыз балаға қайта-қайта жалтақтап қарап, оғаш әрекет жасаған. Қорқып кеткен ол автобустан түсіп кеткенмен, әлгі адам ізінен аңдыған. Желідегі видеодан кейін қаланың Полиция департаменті арыз түспегеніне қарамастан түргеу жүргізді. Бұл жағдай 2025 жылдың сәуір айында болған.
Yandex Taxi. Астанада такси жүргізушісі рульде отырып, арсыз әрекетін ашықтан ашық жасаған. Артында отырған жолаушы болған жағдайдың бәрін видеоға түсіріп алған. Оқиғаның мән-жайы желіде тараған соң Полиция департаменті «ұсақ бұзақылық» бабы оның үстінен іс қозғады.
Бұл соңғы бірнеше жылда болған оқиғалардың жиынтығы.