Тікелей эфирде балағаттау, анаша шегіп, ішімдік ішу: Қазақстанда блогерлерді жазалау қашан басталды
Цифрлы кеңістік те қоғамдық орын екенін естен шығармауымыз керек
Соңғы уақыттары Instagram, Tiktok әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде отырып, былапыт сөйлейтін қазақстандықтардың саны күн санап артып барады. Ал оларды тауып, тиісті жазалау – полиция қызметкерлерінің назарында. Azattyq Rýhy тілшісі қоғамдағы болып жатқан жағдайларға шолу жасап өтті.
Істің басы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы халыққа арнаған жолдауынан басталды деуге болады.
«Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс. Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет», – деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрлы кеңістік те қоғамдық орын екенін естен шығармауымыз керек. Биыл маусым айында Үкімет басшысы Олжас Бектенов интернетте балағат сөйлегендерді жазалау мәселесін айтқан. Депутаттардың сауалына берген жауабында жаза мөлшері жайлы түсіндіріп өткен.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 434-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда балағат сөз айту, жеке тұлғаларға тиісу және өзгелерге құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын т.б. осындай әрекеттер ұсақ бұзақылық болып саналады, тиісінше әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай әрекеттер үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделген», – делінген Бектеновтің жауабында.
Рас, блогерлерді тікелей эфирдегі сөзі үшін жазалау осыған дейін де болатын. Бірақ президенттің ескертуі мен премьер-министрдің жауабынан кейін бұл іс ерекше қарқын алды. Міне осыдан кейін полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде жиі мониторинг жасап, тікелей эфирде бейәдеп сөйлегендерді жазалай бастады.
Мәселен, полицияның қаһарына ұшырағандардың бірі – Семей қаласының 26 жастағы тұрғыны. Әйел адам TikTok-та тікелей эфирде боқтап, анаша шеккені үшін әрі ішімдікке мас күйде болғаны үшін 10 тәулікке қамалды.
Астана қаласының полицейлерді Қазақстан жайлы тікелей эфирде теріс пікір айтқаны үшін ресейлік стримерді елден қуып шығарған.
Сол сияқты Ақтөбеде әйел адам қызының көзінше бір топ жігітпен жеке қалып, TikTok арқылы тікелей эфирде былапыт сөйлегені үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.
Бұдан бөлек, Астанада 36 жастағы трансгендер тікелей эфирде боғауыз сөздер айтып, анаша шеккені үшін 10 күнге темір қапасқа қамалды.
Ал ең сорақысы сол бүкіл қазақ халқы қайғыдан қара жамылып, Каспийге кеткен сарбаздарын жоқтаған Аза тұту күні де блогерсымақтар тікелей эфирде отырып, сауық сайран құрды. Мәселен, Шымкентте ер адам тікелей эфирде сарбаздардың рухына тіл тигізгені үшін 10 күнге қамалды.
Сондай-ақ, Петропавл қаласында тұратын блогер Ирина Антоненко қаралы күні тікелей эфирде би билеп, былапыт сөздер айтқаны үшін 10 күнге темір торға қамалды.
Бұл ретте ерекше көзге түскен блогерлерді іріктеп алдық. Ал соңғы бірнеше айда олардың қатары күн санап артып келеді.