TikTok-та тікелей эфирде боқтап, анаша шеккен әйел адам темір торға қамалды (ВИДЕО)
Ол Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Әзиза Қоқанова болып шықты
Семейде 26 жастағы әйел адам TikTok желісінде тікелей эфирде отырып, боқтағаны және есірткі қолданғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осыған дейін Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстың басталғанын хабарлаған болатын. Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Әрбір құқық бұзушы анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл жұмыс жалғасып жатыр.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Абай облысының полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы құқыққа қайшы тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, әдепсіздік көрсетті және есірткі қолданатынын мәлімдеген.
«Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Түркістан облысының тумасы, Семей қаласында уақытша тұрған 26 жастағы Әзиза Қоқанова болып шықты. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол алкогольдік масаң күйде болған. Сот шешімімен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция тағы да ескертеді: интернеттегі әрбір осындай тікелей эфир, заң мен қоғамдық тәртіпті бұзудың әрбір фактісі тиісті түрде құқықтық тұрғыдан бағаланып, тиісті шаралар қабылданады.
Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Заң көшеде де, цифрлық кеңістікте де баршаға бірдей қолданылады.