Бүгін, 09:28
Қоғам

«Өз баламызды өзіміз асырай аламыз»: Ақмолада көп балалы отбасы ең алғашқы болып өз еркімен жәрдемақыдан бас тартты (ВИДЕО)

Асен және Меруерт Жақсылықовтар Ақмола облысындағы кәсіпкерлер

«Өз баламызды өзіміз асырай аламыз»: Ақмолада көп балалы отбасы ең алғашқы болып өз еркімен жәрдемақыдан бас тартты (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Жуырда үкімет 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауқатты адамдарға төленбейтін жәрдемақылардың тізімін жария еткен еді. Бұл тақырып қазір Қазақстанда қызу талқыланып жатыр. Ал Ақмола облысында сондай әл-ауқаты жақсы отбасы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Асен және Меруерт Жақсылықовтар Ақмола облысы Зеренді ауданын мекендеп жатқан көпбалалы отбасы. Асеннің айтуынша, олар мемлекеттің қолдауын алып, өз кәсіптерін бастаған.

«Біз Ақмола облысы Зеренді ауданында тұратын көп балалы отбасымыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнесмен ретінде аяғымыздан нық тұрдық. Тұрақты табысымыз бар. Өз балаларымызды өзіміз асырай аламыз. Сондықтан, біз үкіметтің атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі жаңа бастамаларын қолдаймыз. Өйткені, әлеуметтік көмек шынымен көмекке мұқтаж жерлестерімізге төленуі тиіс деп санаймыз», - дейді отағасы.

Яғни, кәсіпкер отбасы оларға төленетін жәрдемақы онанша өз жерлестерінің арасындағы шын мұқтаждарға төленсін дейді. Сондықтан ресми түрде өз еріктерімен жәрдемақыдан бас тартып отыр.

«Ал біз өз-өзімізді асырап отырған бизнесмендер ретінде әлеуметтік төлемнен өз еркімізбен бас тартамыз. Яғни, сол төлемдер шын мұқтаждарға бағытталса дейміз», - деді Асен Жақсылықов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін біз үкімет қаулысына сай Жаңа жылдан бастап қысқаратын жәрдемақылардың түрлерін жазып шыққан едік.