Бүгін, 11:18
Қоғам

Қазақстанда ауқатты отбасылардың 10 түрлі жәрдемақысы қысқарады: Үкімет қаулыны жариялады

Үкімет бүгінге дейін ауқаттыларға беріліп келген жәрдемақылардың қайсысы қысқаратынын жариялады

Қазақстанда ауқатты отбасылардың 10 түрлі жәрдемақысы қысқарады: Үкімет қаулыны жариялады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Үкімет жәрдемақылардың тізімі мен ол жәрдемақы нақты кімдерге тағайындалатыны туралы, олар қандай жағдайда тоқтап, қандай жағдайда қайта төлене бастайтыны туралы қаулының мәтінін жариялады. Қаулы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, бұл жәрдемақылар ауқатты деп танылған азаматтар үшін 1 қаңтардан бастап тоқтайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сонымен, үкімет қаулысына сай, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әл-ауқаты жоғары санатқа жататын азаматтар мына жәрдемақыларды алмайды:

  1. Бала туғанда берілетін жәрдемақы;
  2. Бала 1,5 жасқа толғанша берілетін жәрдемақы;
  3. Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
  5. Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау, төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары;
  6. Өздері асырауында болған асыраушысы қайтыс болғанда еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
  7. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  8. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;
  9. Мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балалар) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;
  10.  Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы

Қаулының толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар. 

Бұған дейін хабарлағынымыздай, Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып беруді ұсынды. Ереже барлық азаматқа бірдей қолданылмайды, өзгерістер «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әл-ауқаты жоғары деп танылған А және В санатындағы отбасыларға қатысты болып отыр. Өзгерістер туралы хабарламалар азаматтарға бүгіннен бастап SMS, eGov Mobile немесе банк қосымшасы арқылы келе бастайды.