Жатырын «тексерткен» 700 мың ер адамның жыры: реформадан кейін 4 млрд теңге үнемделген
Бұл туралы үкіметтің ресми сайты хабарлап отыр
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен жекеменшік мектептердің ақша жымқыруға қатысты айла-тәсілдері көбейген соң мемлекет осы екі бағыттың ақшасын Қаржы министрлігіне тапсырған еді. Бүгін Қазақстан үкіметі реформаның алғашқы нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет алдымен МӘМС-ті Қаржы министрлігіне бергеннен кейін ақша қалай үнемделгенін хабарлап отыр. Яғни, үкімет жаңа реформа мен жаңа жүйенің арқасында ақшаны аударғаннан кейін емес, аудармай тұрып тексеруге мүмкіндік алған.
«Бұрын төлем фактіден кейін, яғни, ақша кеткеннен кейін тексеру жүрсе, қазір негізсіз төлемдердің төлем жасалғанға дейін алды алынады. Нәтижесінде, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында антифрод жүйесі медициналық ұйымдарға тиісті қаражат аударылғанға дейін 4 млрд теңгеден астам соманы үнемдеген», - деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, МӘМС жүйесін тексерген ауқымды аудит ойға қонымсыз қызмет түрлерін анықтаған еді: мәселен, Қордағы 1,8 млрд теңге науқастардың жынысына сай емес тексерулер үшін алынған. Яғни, Қазақстанда 768 827 ер адам жатыр мойнының обырын тексертсе, 619 ер адам маммограммадан өткен. Тек бір аудандық ауруханада осындай 11 123 жағдай анықталған көрінеді (Алматы облысы).