Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзеннің 25 мектебіндегі оқушыларға шұбат ішкізбек
Бұл - Қазақстандағы алғашқы жоба
Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің оқушылары мектепте шұбат ішеді. Бұл бастама Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдікі, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Бұл – мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде ұлттық сусын енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба. Мектеп оқушыларын шұбатпен қамтамасыз ету бастамасын Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көтерді. Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар», - деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Айта кетейік, облыс әкімі жергілікті жұртшылықпен бірге шұбат өндіретін кәсіпорынға барып, жұмысымен танысқан. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.