ЖСДП кандидаты Сарысу ауданында тұрғындармен кездесті

Тұрғындар өндіріс дамығанымен, қоршаған ортаға зиян келмеуі маңызды екенін айтты

ЖСДП кандидаты Сарысу ауданында тұрғындармен кездесті
Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат, Жамбыл облыстық ЖСДП филиалы Жастар қанатының төрағасы Еркін Әбдиев Сарысу ауданына барып, Игілік және Саудакент ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде кандидат партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттарды таныстырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Игілік ауылындағы кездесуде жергілікті жұртшылық ауыл маңындағы өндіріс орындарының көбеюіне байланысты экологиялық мәселелерді көтерді. Тұрғындар өндіріс дамығанымен, қоршаған ортаға зиян келмеуі маңызды екенін айтты. Еркін Әбдиев бұл мәселе бойынша өндіріс пен экологиялық қауіпсіздіктің қатар жүруі қажет екенін атап өтті.

«Өндіріс орындарының ашылуы жаңа жұмыс орындары мен экономикалық мүмкіндіктер әкелуі мүмкін. Бірақ экономикалық пайда халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы тиіс. Егер тұрғындар экологиялық жағдайға алаңдап отырса, олардың пікіріне міндетті түрде назар аудару қажет. Ең бастысы – өндіріс пен экологиялық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау», – деді Еркін Әбдиев.

Сондай-ақ кандидат қоршаған ортаның жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын қамтамасыз ету және тұрғындарға экологиялық ахуал туралы ашық ақпарат беру маңызды екенін айтты.

Саудакент ауылындағы кездесуде де тұрғындар өздерін толғандырған әлеуметтік және экономикалық мәселелерді ортаға салды. Кандидат ауылдарды дамыту кезінде жергілікті жердің ерекшелігі мен тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескеру маңызды екенін жеткізді.