Бірінші сыныпқа дейін бала нені білуі және не істей алуы керек: психолог ата-аналарға кеңес берді
Бұл қасиет оның мектепте өзін еркін әрі сенімді сезінуіне көмектеседі
Баланың бірінші сынып табалдырығын аттауы – оның өзі үшін де, бүкіл отбасы үшін де өмірдегі ең маңызды әрі жауапты кезеңдердің бірі. Бұл қадамға дайындықтың қаншалықты дұрыс әрі жүйелі жүргізілуі баланың жаңа мектеп ортасына тез әрі сәтті бейімделуіне тікелей ықпал етеді. Ата-аналарды толғандырған сұрақтарға білікті психолог, әлеуметтік педагог, отбасы және ата-ана мен бала қарым-қатынасы жөніндегі маман, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының кәсіби даму департаменті академиялық бөлімінің аға оқытушысы Әйгерім Дәулетқызы жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баланың мектепке психологиялық дайындығы маңызды
«Баланы мектепке дайындағанда ата-аналар көбіне оның әріп танып, оқып, жазып, есеп шығара алуына басымдық береді. Алайда баланың жан дүниесінің жайлылығы мен эмоционалдық әл-ауқаты оның академиялық дайындығынан әлдеқайда маңызды. Мектепке психологиялық тұрғыдан дайын бала – бәрінен жылдам оқитын немесе күрделі есептерді оңай шығаратын бала емес. Ол өзіне сенетін, өзгелермен тіл табыса алатын, өз сезімдерін түсінетін, қателік жасаудан қорықпайтын және үлкендердің қолдауын сезінетін бала», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Маманның айтуынша, баланың мектепке дайындығын тек оқу дағдыларымен шектемей, оның дербестігін, қарым-қатынас жасау қабілетін, эмоцияларын түсінуін және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырумен қатар жүргізу қажет.
«Ең алдымен баланың санасында мектептің жағымды әрі қызықты бейнесін қалыптастыру маңызды. Мектепті көптеген жаңа нәрселерді білуге, жақсы достар табуға және қызықты істерді үйренуге болатын орта ретінде суреттеп беріңіз. Баланы мектеппен қорқытып-үркітуге немесе оны басқа балалармен салыстыруға болмайды», – дейді психолог.
Ата-ана баланың өзіне деген сенімін де арттыруы керек. Өзіне сенімді әрі бойында қорқынышы жоқ бала жаңа ортаға әлдеқайда жеңіл бейімделеді.
«Балаға жиі «Сенің қолыңнан міндетті түрде келеді!», «Біз саған сенеміз!», «Егер бірдеңе ойдағыдай болмай қалса, біз оны міндетті түрде бірге шешеміз» деп айтып отыру қажет. Мұндай сөздер баланың өзін қауіпсіз әрі қолдауда сезінуіне көмектеседі», – деп түсіндіреді Әйгерім Дәулетқызы.
Баланы дербестікке үйретіңіз
Мектепке дейінгі кезеңде баланы өздігінен әрекет етуге баулу да маңызды. Бұл қасиет оның мектепте өзін еркін әрі сенімді сезінуіне көмектеседі.
Оқу жылы басталғанша бала:
- өз бетінше киініп, аяқ киімін кие алуы;
- өз заттарын жинақы ұстауы;
- ересектердің көмегімен мектеп сөмкесін жинай алуы;
- жеке гигиена ережелерін сақтауы;
- өз жұмыс орнын жинап, тазалықты сақтауы керек.
«Бала барлық нәрсені ата-анасының көмегін күтпей, мүмкіндігінше өзі орындауға үйренгені жөн. Дербестік бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан бұл дағдыларды мектеп басталғанға дейін біртіндеп қалыптастыру керек», – дейді маман.
Қарым-қатынас жасауға және дос болуға үйретіңіз
Бала мектепте жаңа ортаға түседі. Сондықтан оның сыныптастарымен және мұғалімдермен дұрыс қарым-қатынас орната білуі де маңызды.
Ата-ана балаға:
- сыныптастарымен қалай танысу керектігін;
- мұғалімге қалай сыпайы тіл қату керектігін;
- қажет кезде қалай көмек сұрауды;
- келісімге келуді;
- кішігірім келіспеушіліктерді сабырмен шешуді түсіндіруі қажет.
«Балаға қарым-қатынастың қарапайым, бірақ маңызды ережелерін алдын ала үйреткен дұрыс. Ол өзінің ойын жеткізумен қатар, басқа адамның пікірін де тыңдай білуі керек», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Маман баланың эмоционалдық зияткерлігін дамытуға ерекше мән беруге шақырады.
«Бала өз сезімдерін түсініп, оларды сөзбен жеткізе білуі керек. Мысалы: «Мен қуаныштымын», «Менің көңіл-күйім болмай тұр», «Мен уайымдап тұрмын», «Мен ашуландым» деген сияқты сөздерді қолдануға үйретіңіз. Бала өз эмоциялары туралы ашық айта алған кезде, оған ішкі қобалжуларымен күресу әлдеқайда оңай болады», – деп түсіндіреді психолог.
Сонымен бірге баланың қорқыныштары мен уайымдарын бірге талқылаған жөн.
Егер бала мектепке барар алдында қобалжыса, оған «Қорықпа», «Ештеңе етпейді», «Бәрі де бір кездері бірінші сыныпқа барады ғой» деп жауап бере салмаған дұрыс.
Оның орнына мынадай сұрақтарды қойған жөн:
- «Сен бірдеңеге уайымдап тұрсың ба?»;
- «Сені не мазалап тұр?»;
- «Мен саған қалай көмектесе аламын?»
«Жайбарақат әрі байсалды әңгіме баланың алаңдаушылығын сейілтуге жақсы көмектеседі. Ең бастысы – баланың сезімін жоққа шығармай, оны тыңдай білу», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Жеке шекарасын қорғауды үйретіңіз
Мектепке баратын бала өзінің жеке шекарасын қорғай білуі қажет. Оған ешкімнің тиісіп, ренжітуге құқығы жоқ екенін түсіндірген жөн.
Бала:
- мазаққа немесе қорқытуға төзбеу керектігін;
- кез келген уақытта мұғалімнен немесе ата-анасынан көмек сұрауға болатынын;
- жағымсыз жағдайларда батыл түрде «Жоқ!» деп айту қалыпты нәрсе екенін білуі керек.
«Бала кез келген уақытта ересектердің оған көмекке келіп, қорғауға дайын екеніне нық сенімді болуы керек. Егер қандай да бір жағымсыз жағдайға тап болса, оны жасырып қалмай, ата-анасына немесе мұғаліміне айтуға болатынын білуі маңызды», – деп атап өтті маман.
Мектеп режиміне алдын ала көшіңіз
Мектеп басталардан 2-3 апта бұрын баланың күн тәртібін біртіндеп өзгерткен дұрыс.
Ол үшін ата-аналарға:
- баланы ертерек ұйықтауға дағдыландыру;
- таңғы ояну уақытын біртіндеп ертеге жылжыту;
- тамақтану режимін сақтау;
- сабақ оқу мен демалысты кезектестіріп отыру ұсынылады.
«Мұндай дайындық баланың ағзасының мектеп кестесіне жеңіл әрі тез үйренуіне көмектеседі», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Баланы оқуға дайындаудың ең тиімді жолдарының бірі – оның табиғи білуге деген құштарлығын қолдау.
«Баламен бірге кітап оқыңыз, балалар мен отбасына арналған фильмдер көріңіз, оқыған және көрген дүниелеріңізді бірге талқылаңыз, үстел ойындарын ойнаңыз. Қоршаған ортаны танып-білу үшін бірге серуендеңіз. Басты мақсат – баланы қандай да бір іспен күштеп айналысуға мәжбүрлеу емес, оның бойындағы табиғи, салауатты білуге деген құштарлығын сақтап қалу», – дейді маман.
Қателік жасаудан қорықпауға үйретіңіз
Баланың қателікке деген көзқарасы да оның мектептегі оқуына әсер етеді.
«Балаға қателік жіберу – оқу процесі мен жалпы өмірдің заңды әрі табиғи бір бөлігі екенін түсіндіру өте маңызды. Адамның бәрін бір сәтте, лезде емес, біртіндеп үйренетінін ұғындыру керек. Бала сабақта жауап беруден немесе жаңа нәрсені байқап көруден қорықпауы тиіс», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Экран уақытын біртіндеп азайтыңыз
Оқу жылы басталар алдында телефон, планшет және теледидар алдында өткізетін уақытты біртіндеп азайтқан дұрыс.
Олардың орнына балаға:
- серуендеуді;
- үстел ойындарын;
- шығармашылықпен айналысуды;
- кітап оқуды;
- отбасымен бірге уақыт өткізуді ұсынуға болады.
«Бұл баланың зейінін, есте сақтау қабілетін және ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі», – дейді маман.
Зейіні мен табандылығын дамытыңыз
Баланың зейінін шоғырландыру және белгілі бір іске табанды болу қабілетін күнделікті қарапайым жаттығулар арқылы дамытуға болады.
Маман күн сайын 15-20 минутты мынадай істерге арнауды ұсынады:
- сурет салу;
- ермексаздан мүсіндер жасау;
- құрастыру;
- пазл жинау;
- дауыстап кітап оқу.
«Мұндай қарапайым әрекеттер баланың зейінін тұрақтандырып, табандылығын қалыптастырады. Бұл дағдылар оның 1-сыныпта оқуын едәуір жеңілдетеді», – дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Баланың денсаулығына көңіл бөліңіз
Мектепке барар алдында баланың физикалық денсаулығына да назар аудару қажет.
Ата-аналарға:
- профилактикалық медициналық тексерістен өту;
- көру және есту қабілетін тексеру;
- ұйқы режимін сақтау;
- толыққанды тамақтануын қамтамасыз ету;
- күн сайын таза ауада серуендеу ұсынылады.
«Физикалық әл-ауқат баланың мектепке сәтті бейімделуімен тікелей байланысты. Сондықтан мектепке дайындықты тек оқу дағдыларымен шектемеу керек», – дейді маман.
Цифрлық қауіпсіздікті ұмытпаңыз
Қазіргі мектепалды жастағы балалардың көпшілігі алғаш рет мектеп партасына отырмас бұрын-ақ гаджеттермен танысып үлгереді. Сондықтан ата-аналар баланы цифрлық қауіпсіздік негіздеріне де үйретуі керек.
Бала:
- бейтаныс адамдарға жеке ақпаратын бермеуді;
- белгісіз сілтемелерге өтпеуді;
- ғаламтордағы қандай да бір дүние оны ұялтса, мазасын қашырса немесе қорқытса, бұл туралы дереу ересектерге айтуды;
- құрылғыларды тек ата-анамен келісілген ережелер бойынша пайдалануды білуі қажет.
«Цифрлық ортадағы қауіпсіздік ережелерін балаға алдын ала түсіндіріп, оны қорқытпай, қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізген дұрыс. Ең маңыздысы – бала интернетте жағымсыз жағдайға тап болған кезде мұны ата-анасынан жасырмауы керек», – деп атап өтті Әйгерім Дәулетқызы.
Бірінші оқу жылында ата-аналар нені ескеруі керек?
Маманның айтуынша, бала өміріндегі алғашқы оқу жылында бірнеше маңызды мәселеге айрықша мән берген жөн.
- Біріншіден, баланың жан дүниесінің жайлылығы мен эмоционалдық әл-ауқаты оны хат танып, мүдірмей оқуға мінсіз дайындағаннан әлдеқайда маңызды.
- Екіншіден, баланы өздігінен әрекет етуге және жауапкершілік арқалауға баулу қажет.
- Үшіншіден, оның құрдастарымен де, үлкендермен де ашық әрі еркін тіл табыса білуіне жағдай жасау керек.
- Төртіншіден, күн тәртібін қатаң сақтап, баланың толыққанды тынығуын қамтамасыз еткен жөн.
- Бесіншіден, гаджеттерді шектен тыс қолданбай, орнымен пайдалануды үйрету қажет.
- Алтыншыдан, баланың зейінін шоғырландыру, есте сақтау және өзін-өзі бақылау қабілеттерін ұштаған дұрыс.
- Жетіншіден, мектеп қабырғасында, үйде және цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру керек.
- Сегізіншіден, отбасы мен мектеп арасында тұрақты байланыс болғаны маңызды.
«Ата-ана мен ұстаз арасындағы тұрақты байланыс – отбасы мен мектептің алтын көпірі. Ата-ананың мұғалімдермен үнемі байланыста болуы баланың жаңа ортаны жатырқамай, оған тез сіңісіп кетуіне үлкен септігін тигізеді. «Мектеп ортасына бейімделуге психологиялық тұрғыдан толық пісіп-жетілген бала дегеніміз – бәрінен жылдам оқитын немесе күрделі есептерді оңай шығарып тастайтын бала емес. Бұл – өзіне сенетін, өзгелермен тез тіл табыса алатын, өз сезімдерінің құнды екенін терең түсінетін, қателік жіберіп қоюдан қаймықпайтын және үлкендердің жылы демеуін әрдайым сезініп жүретін бала. Дәл осындай мейірім мен махаббатқа, шынайы сенім мен сабырға толы шуақты орта – мектеп өмірінің сәтті басталуына ең берік іргетас болады», – деп қорытындылады Әйгерім Дәулетқызы.