«Емізіп отырып ұйықтап кеткен»: Ақкөлде әйел адам мас күйде сәбиін тұншықтырып өлтіріп алды

Оның ісі сотта қаралып, үкім шықты

«Емізіп отырып ұйықтап кеткен»: Ақкөлде әйел адам мас күйде сәбиін тұншықтырып өлтіріп алды
Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының Ақкөл қаласында әйел адам мас күйде сәбиін емізіп отырып, ұйықтап кеткен. Салдарынан қолындағы сәбиін абайсызда тұншықтырып, өлтіріп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта белгілі болғандай, әйел адам оянған кезде сәбиінің қозғалыссыз жатқанын байқап, бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер сәбидің ауа жетпегеннен көз жұмғанын анықтады.

Іс сотта қаралып, прокурор әйел адамды бас бостандығын шектеу жазасын белгілеуді сұрады.

Жаза тағайындау барысында сот әйел адамның шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай деп, ал қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағанын жазаны ауырлататын мән-жай деп ескерді.

Сот үкімімен оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.