Елордадағы мамандандырылған ХҚКО қалалық бас санитардан жұмыс уақытын созуды сұрады
Орталық мамандарының айтуынша, жаз айлары – көлік алып-сататудың нағыз қызатын шағы
Нұр-Сұлтан қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы карантинге қарамастан, жұмыс уақытын кешкі сағат 17.00 немесе 18.00-ге дейін созып, сенбі күні де жұмыс істеуге мүмкіндік сұрап отыр. «Азаматтарға арналған үкімет» басқарма төрағасы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, халықтың дені карантин шараларына қарамастан ХҚКО-ға жиі келеді.
Балташева осы мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігеріне (Жанна Пралиева – авт.) жолыққанын хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласындағыМамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын кешкі сағат 17.00 немесе 18.00-ге дейін ұзартып, сенбі күні де жұмыс істеуге рұқсат беру үшін қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігеріне жолықтым. Қазір мәселе қаралып жатыр. Себебі, біздегі тағы бір басты проблема – жұмыс уақытының жетіспеуі. Адамдар сағат 15.00-ге дейін үлгеру үшін таңғы сағат 08.00-ден бастап кезекте тұрады. Бұрын, яғни карантинге дейін қанша адам келіп жүрсе, қазір де солай. Онлайн-бронь жасаса, жұмыс жеңілдейтін еді. Алайда, көп адам, әсіресе, үлкен кісілер онлайн-бронь жасауды білмейді, сол үшін бәрі бір орталыққа келеді. Сондықтан, біздің жұмыс істейтін уақытымызды тым болмағанда Алматыдағыдай, сағат 17.00-ге дейін созу керек», - дейді Әсемгүл Балташева.
Ал, орталықтың бөлім басшысы Дәулет Дүйсенбековтің мәліметіне сүйенсек, карантинге дейін мамандандырылған ХҚКО күніне 1400-1500 құжат қабылдаса, карантин кезінде 600-700-ге жуық құжат түседі. Алайда, жұмыс уақыты қысқа болғандықтан, әрбір қызметкерге түсетін салмақ та көбейіп, қосымша 10-15 маман жұмысқа тартылған. Орталық маманының айтуынша, орталықта істейтін қырыққа жуық қызметкер коронавирус инфекциясын жұқтырып, жазылып шыққан.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан