«35-40 мыңға 1 жасар қой келмейді». «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы сөзі бұрмаланғанын айтты

Алматыда 49 қой, 18 ешкі және 8 ірі қара малды онлайн құрбандыққа шалуға өтініш түскен

«35-40 мыңға 1 жасар қой келмейді». «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы сөзі бұрмаланғанын айтты
Фото: Әсет Құндақбаев

Биылғы құрбан шалу дәстүрі де қиын кезеңге тап келді. Діни жоралғыны шариғат талаптарына сай атқару бойынша соңғы бірнеше күннен бері үгіт-насихаттары  жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Пандемияға байланысты Үкіметтің ұстанымы мен ережелерінен ауытқып кетпес үшін дін қызметкерлері шама-шарқына қарай қағидаларды бекітіп, халыққа түсіндіру үстінде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, жергілікті әкімдіктер жанындағы Дін істері басқармасының мамандары, жер-жердегі өкіл имамдар мен баспасөз қызметінің де әлеуметтік желілерде белсенділігі байқалады.    

Ірі қалаларда өкіл имамдардан тыс, әр мешіттің имамдары БАҚ арқылы елдің  алдына шығып, шариғат талаптарымен бірге, COVID-19-ға байланысты карантин ережелерін де қатаң сақтауды ескертеді.

Алматы қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында Құрбан айт дәстүрлі мерекесіне құрбандық шалу онлайн форматта өтеді. Құрбан шалуға және сойылған құрбандық малының етін алуға өтініш беру үшін «Qurban-2020» онлайн платформасы құрылған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  тілшісі.

Ал Алматыда 1300-ден астам адам «Qurban-2020» онлайн платформасы арқылы құрбандыққа шалынған малдың етін алуға өтініш білдіргені белгілі болды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Байкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев хабарлады.

«Бүгінгі таңда 1305 адам құрбандыққа шалынған етті онлайн платформа арқылы алуға өтініш білдірген. Сонымен бірге  қала тұрғындарынан құрбандыққа 49 қой, 18 ешкі және 8 ірі қара малды құрбандыққа шалуға өтініш түсті. Барлық ет қайырымдылық аясында мұқтаж жандарға таратылады. Құрбандық шалуға және мұқтаж, аз қамтылған қала тұрғындарының ет алуға қалдырған өтініштерін қабылдау арнайы сайтта 24 шілдеден 30 шілде аралығында жүргізіледі. Ал құрбандық малының еттері 2-3 тамыз күндері таратылады», - деді Данияр Жұмабаев.

Айта кету керек, биыл Құрбан айт дәстүрлі мерекесінің аясында мешіт жанында құрбандық шалынбайды. Карантин талаптарын сақтау үшін Алматы қаласының мешіттерінде мерекелік Айт намазы да оқылмайды.

Бұрнағы күні  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт уақытында сойылатын малдың бағасы көрсетілген кесте жариялаған болатын. Бұл күндері жеті кісі бірігіп, 360 000 теңгеге ірі қара мал, әрбір кісі 51 500 теңгеге ірі малды бөліп сойса болады. Ал жеке адам 50 мың теңгеге құрбан шалуға болады деп көрсетілген.

Кешелі бері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов 35-40 мың теңгенің қойлары шариғат талабына сай келмейді деп айтты» деген сарында ақпарат тараған болатын.

«Ол елордада өткен баспасөз мәслихатында қойдың жасына назар аудару керек. Ұсақ малды, 6 айға жетпеген арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ қой мен ешкі 1 жасар болуы керек. Ал 1 жасар қойдың бағасы үшін 50 мың өте жақсы баға. Ал 35-40 мың теңгенің қойлары шариғат талабына сай келмейтінін айтты», - деп жазады кейбір БАҚ өкілдері.   

Azattyq Rýhy  тілшісіне сұқбат берген «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов қасиетті мереке қарсаңында өз сөзінің бұрмаланғанын айтты. Дін қызметкері мәселе малдың бағасында емес, шариғат талаптарына сәйкес ұсақ малдың 1 жастан кем болмауы тиіс екенін меңзеген екен.

«Бұл жерде қойдың жасына назар аудару керек. 6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ қой мен ешкі 1 жасар болуы керек», – деп атап айттым. Бұл мен ойдан шығарған меже емес, қой түлігіне қойылатын шариғат талабы осы. Сондай-ақ, дәл қазір елорда базарларындағы мал бағасы да осы болып тұр. Бұл тұста тағы да түсіндіре кететін жайт, мал базарларда бүгінгі таңда сіз айтқан 35-40 мың теңгеге, әрине, тоқты сатып ала аласыз.

Алайда, ол тоқтыңыз арықтау боларына әрі бір жасар қойдай ет бермесіне мен кепілдік беремін. «Сондағы айтпағымыз, 35-40 мыңға дәл қазір елорда базарларынан «семіз, етті, бір жасар малдың етін беретіндей» алты айлық тоқты табуымыз екіталай.

Брифинг барысында айтқан: «6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың» деген сөзіміз осыны қуаттай түспей ме?! Сол тоқтының  «өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін» дегеніміз де базардағы бағаны көріп-білгеннен кейінгі ойымыз.

Дегенмен, дәл осы 35-40 мың теңгеге, тіпті ретін келістіріп, 20 мың теңгеге шариғат талабына сай келетін құрбандық малын тауып жатсақ, оған ешқандай қарсылық жоқ. Алла Тағала баршамыздың құрбандықтарымызды қабыл еткей!»- дейді елорда имамы.

Суретте: Ерболат Жүсіпов

Ерболат Жүсіпов осы орайда жыл бойы бір бағаны ұстап келіп, Құрбан айт қарсаңында күрт қымбаттатып жіберетін саудагерлер үшін де имам-молдаларды жазғыра берудің еш жөні жоқ дейді. Қайта сол ҚМДБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерде қайырымдылық акциялары өткізіліп, қаншама халық қасиетті Құрбан айт шарапатын сезініп келеді.

«Айтқан ауызға оңай, бірақ сол жаңағы мыңдаған малды құрбан шалуды ұйымдастыру, оны мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізу, құрбандық малын іздестіру, сою жұмыстары, арнайы орындармен келісу, қасапшылар даярлау оңай шаруа емес», - дейді Ерболат Жүсіпов.

Айта кетейік, карантин талаптарына сәйкес, жекелеген адамдарға малды қала аумағына бей-берекет кіргізіп, союға немесе топтасып союға болмайды. Сондай-ақ жедел штаб өкілдері халықтың Құрбан айт күндері қыдырмауына, бір–бірінің үйіне айттап бармауына кеңес береді.

Дәл осы кезде Алматы қаласы Наурызбай ауданы аумағында орналасқан «Тау самалы» базарында, Талғар ауданымен шекарадағы «Сұлтан», «Нұр-Дәулет» базарларында мал әдеттегіден көп. Сатушылар індеттің таралуына байланысты қатаң талаптарға қармастан, шалғай жерлерден Алматыға қарай мал тасылмалдаушылар баршылық екенін айтады.

Алматы облысы Талғар ауданындағы «Сұлтан» мал базары.

Малдың бір килограмм еті орташа есеппен, 2000 теңге. Шамамен, салмағы 16-18 килограмм тартатын қойдың бағасы – 30-32 мың теңге. 

Салмағы 27-30 кг қойдың бағасы – 60 мың теңге

Бұл базарда 70-75 мың теңгенің қойы сатылып жатқан жоқ. Ең қымбат қойдың бағасы – 60 мың теңге.

Бұл базардан 6 айдан асқан семіз тоқтыларды 25 мың теңгеге алуға болады.

Бұл жерде сатушылардың айтуынша, шаруа малы саудаланбайды. Арнайы құрбандыққа арнап әкелген мал, яғни семіз, төрт түліктің тентегі емес, құйрық- жалы мен құлағы бүтіні ғана кіргізіледі.

Алматы базарларында баға – 27-36 мың теңге, ал үлкен қойлар 45-65 теңге арасында сатылады. Бағаны саудаласып, түсіріп алуға да болады.

Биыл Құрбан айт мейрамы 31 шілде, 1 тамыз, 2 тамыз күндеріне сәйкес келеді. Ал 30 шілде – арапа. Алматы қаласының айналасына Айт мерекесінде 14 полиция бекеті қойылады. Бекеттер Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 23 шілдедегі № 53 қаулысына сәйкес, қалаға жануарлар жеткізілуінің алдын алу және жолын кесу үшін қойылмақ. Көліктер, оның ішінде жануарларды тасымалдауы мүмкін деген жүк көліктері тоқтатылып тексеріледі делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.