$ 516.91  586.33  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.07.2020, 14:00
Қоғам

Карантин кезінде алыпсатарлар Халыққа қызмет көрсету орталығының кезегін сатқан

Карантин кезінде көлікті тіркеу бойынша кезектің 40%-ын делдалдар сатқан

Карантин кезінде алыпсатарлар Халыққа қызмет көрсету орталығының кезегін сатқан

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» акционерлік емес ұйымының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновпен бірге бүгін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралады.

Нұр-Сұлтандағы Мамандандырылған ХҚКО – көлік сату, сатып алу операцияларын жасайтын, жүргізуші куәлігін беретін, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін шығаратын орталық.

Олжас Бектенов алыпсатарларды тексеру Агенттік құзыретіне кірмейтінін, дегенмен қоғам тарапынан арыз-шағым болған соң келгенін айтты.

«Нақты бір алыпсатарларға қатысты факт немесе арыз болған жоқ. Бірақ, әлеуметтік желіде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына онлайн-бронь жасау саудаға түсіп кеткені туралы көп жазба оқыдық. Сондықтан, «Адалдық алаңымен» (агенттік ішіндегі қоғамдық мониторинг жүргізетін алаң – авт.) бірге бүгін мәселені анықтауға келдік. Жалпы, делдалдық, яғни, кезекті алып-сату негізінен көлеңкелі экономикаға, яғни, экономикалық қылмыстар жөніндегі органға немесе Ішкі істер министрлігіне қарайды», - деді Бектенов.

Агенттік басшысының орынбасарына жағдайды баяндаған «Азаматтарға арналған үкімет» пен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары онлайн-бронь жасау әу бастан дұрыс жүргізілмегенін айтты.  

«Бұрын бір адам қатарынан он күнге немесе бірден он орынға бронь жасай алатын. Осылайша, олар кезекті алып-сатқан.  Қазір біз жүйені өзгертіп, бір адам бір бронь жасайтындай және брондаған қызметін алмайынша,екінші бронь жасай алмайтындай етіп өзгерттік. Бір адам қатарынан он бронь алған соң,  нағыз керек адамдарға орын жетпей, халық көп келе бастады. Анықтағанымыздай, көбіне броньды (қатарынан – авт.) Халыққа қызмет көрсету орталығының айналасында сақтандырумен айналысатын адамдар жасайды екен. Біз олармен сөйлесіп, неге он бронь жасағанын сұрадық. Олар тұтынушы дәл нешеде келетінін білмеген соң, солай жасайтынын түсіндірді. Ал, енді бір ЖСН нөмірге бір бронь жасайтын етіп өзгеріс енгізгенде, олар келіп жатқан адамды көліктеріне отырғызып, сол жерде сенімхат арқылы бронь жасап беруге көшкен», - дейді Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Дәулет Дүйсембеков.

Агенттік басшысының орынбасары Олжас Бектенов бұл жерде мамандандырылған ХҚКО қызметкерлерінің ешқандай заң бұзбағанын, ал Агенттік тек мемлекеттік қызметкерлерге қатысты тексеу жасай алатынын айтып, мәселені басқаша шешуге тырысу керек екенін айтты.

«Жаңағы бір ЖСН нөмірге бір ғана бронь және бронь жасаған кезде көліктің нөмірін міндетті тіркеу туралы тетікті тездетіп жүзеге асыру керек. Шамамен, бір апта уақыт кетеді деп есептесек, 3 тамызда сол жүйе басталса, алыпсатарлар ешкімнің көлігін тіркей алмайды, өйткені, көліктің нөмірі жоқ. Сондықтан, бұған осылайша кедергі жасауға болады. Сонымен қатар, көлеңкелі экономика ретінде және алаяқтық (мүмкін – авт.) фактілері болса, ішкі істер министрлігіне жүгінуге болады», - деді Бектенов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары