Күйеуім құқық қорғау органында жұмыс істейтін әкем үшін үйленген – намазхан қыздың хикаясы
Нұрсұлтандық бойжеткен дін атын жамылған қарақшыға алданған
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әбділдина Айдана 17 жасында дін атын жамылып, қарақшылықпен айналысқан жігітке алданып қалған. Айтуынша, намазхан жігіті қызға полиция органында жұмыс істейтін әкесі үшін үйленген.
«17 жаста болғанымда намаз оқитын бір жігітпен сөйлесіп жүрдім. Ол жігітті сол кездері мен мінсіз адамдай көріп, отбасын құруға жақсы үміткер деп санадым. Онымен отбасын құрғаннан кейін, маған жеке бас пайдасын көздеп, менің құқық қорғау органында қызмет ететін әкем үшін үйленгенін білдім. Отбасын құрғаннан кейін ол әкемізге жақын жүруміз қажет екенін айта берді. Кейін білгенімдей, ол әкеме жақын болып, қылмыстары ашылып қалса, құтқаратын адам қажет болғандықтан ғашық адамның рөлін сомдаған екен», - дейді Айдана.
КҮЙЕУІН ПОЛИЦИЯҒА ӨЗІ ҰСТАП БЕРГЕН
Айдана өзі намаз оқып, ислам дінінің барлық талаптарын орындап жүргендіктен, Құран, хадиспен сөйлейтін жігітті адал азамат деп сенген. Күйеуінің тура жолға түспейтінін білген соң, құқық қорғау органдарына өзі шағымданған.
«Некеміз қиылған соң бір ай өтпестен мен оның адамгершілік қағидаларына жат қылықтарын көре бастадым. Оның ұрлық жасап, адамдардың мүліктерін ұрып-соғып тартып алумен айналысатынын білдім. Тіпті, ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүр екен. Осының бәрін көрген соң, қолымда 7 айлық баламмен мен одан құтылудың жолын қарастырдым. Сөйтіп құқық қорғау қызметкерлеріне шағымданып, онымен ажырастым», - дейді ол.
ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ КӨМЕГІ
Бүгінде 29 жасқа келген Айдана жұмыс істеп, діни білімін толықтырып жүр. Қайта қателесуден қорыққан бойжеткен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мамандарының көмегіне жүгінген.
«Өмірімде орын алған осы оқиғадан кейін өткен күндегі барлық қателіктерімді қайта қарап шықтым. Мұсылманмын деп намаз оқитындардың бәріне сене бермеу керек. Қазір айналамызда бес уақыт намазын оқып, мұсылманның барша парызын орындай отырып, түрлі қулық-сұмдыққа баратындар көп. Олардың ішінде әйелдер де жетерлік. Сен оларды мұсылман бауыр деп жақын тартып, бар жан-тәніңмен көмектесесің, ал саған көмек керек кезде олар сенен сырт айналып кетеді. Ол кезде мен жас әрі аңқау едім. Ең өкініштісі, олардың дінді қару ретінде қолдануы. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы Дінді зерттеу орталығының теолог, психолог, дінтанушы мамандарымен жұмыс істеуімнің нәтижесінде, көзқарасым өзгерді. Намаз оқып, өз өмірін дінмен байланыстыратын қыздар сұлу сөзге сене бермесе екен. Ондай адамдардың көпшілігі Құран, хадистермен көркем сөйлеп, басыңды айналдырады. Егер осындай жағдайға ұшырасаңыздар, діни сауаты бар мамандардың кеңесіне жүгініңіздер», - деді кейіпкеріміз.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан