«Ақша жұмсамадық»: Алматы әкімдігі әлеуметтік жарнама дауына жауап берді
2020 жылы қалада баннерлік өнімдерді дайындау және орналастыруға 23 млн 214 мың теңге қарастырылған
Әлеуметтік желілерде Алматы қаласының көшелерінде қаптап кеткен «Бетперде тағыңыз» әлеуметтік жарнамасының кейіпкері талқыланып жатыр. Белсенділер Алматы қаласы әкімдігі мен жарнама жасаушы дизайнерлерді freepick.com дүниежүзілік тегін фотосуреттер банкіндегі модельдің суретін пайдаланды деп айыптаған.
Facebook желісіндегі Кирилл Лавров есімді қолданушы қаланың пандемия кезінде жарнамаға жауапты қызметкерлері қаржы үнемдеп отыр, әйтпесе филлиппиндік қыздың фотосымен қала көшесін толтырып тастаудың қандай қажеттілігі болды деген сұрақ қояды.
«Бұл freepick және өзге де ресурстардың бетінде еркін қолданыста жүрген қыздың фотосуреттері. Түрлі кейіптегі суреттері бар. Сондықтан бір күнде бүкіл қаланы осы қыздың фотосымен толтырып тастауға қанша қаражат төленді екен деп ойлаушы едім. Қарап тұрсам, біздің қамымызды ойлап, фотосессиядан қаражат үнемдеген екен ғой... Филиппин елінің өкілі түскен дайын суретті ала салғанынан ұқтым», - деп жазады К. Лавров.
Скриншот. Facebook. Кирилл Лавров
Бұл мәселеге қатысты Azattyq Rýhy тілшісіне Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының баспасөз хатшысы Татьяна Флорова жауап берді. Оның айтуынша, бұл жарнаманы орналастыруға бюджеттен қаражат жұмсалмаған. Алматы қаласында 822 билбордқа әлеуметтік жарнамалар орналастырылған.
«Қала бойынша аталған баннерлер тегін орналастырылған. Карантинге байланысты жарнамаға сұраныс азайды. Сондықтан конструкциялардың көпшілігі бос тұр. Сол себепті оларды әлеуметтік жарнамалармен толтыруға болады. Жарнамаларға тапсырыс беруші – Алматы қаласының әкімдігі. Көрнекілік жарнамаларды дайындауға қанша қаражат жұмсалғанын солар біледі.
Ал қыздың фотографиясына келсек, ашық дереккөздерден алынған. Тиісінше, ол да тегін. Одан тыс медициналық бетперде киіп жүру- әлем бойынша өзекті мәселеег айналып отыр. Бұл фотосуретті пайдалану – заңға қайшы емес», - деді басқарма өкілі.
Қаладағы баннерлерге тапсырыс беруші – қалалық Мәдениет басқармасы. Әкімдік басқармасының 2020 жылға арналған мемлекеттік сатып алу жоспары бойынша баннерлік өнімдерді дайындау және орналастыруға байқау жарияланған. Ашық дереккөздерде бұл бағытқа 23 млн 214 мың теңге қарастырылыпты.
Скриншот. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының сайтынан алынды
Айта кетейік, Алматы қаласының жаңа логотипін дайындауға жақында қаражат қарастырылған болатын. Бастапқыда қаланың Туризм басқармасы жаңа туристік бренд үшін 13 млн 393 мың теңгеге байқау жариялаған. Алайда, 17 шілдеде басқарма басшысы Сабина Амангелді тендердің өтпейтінін мәлімдеп, бұл қаражаттың пандемиямен күреске бағытталатынын айтты.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы