Ақмолада бір күнде екі жүзден астам адам карантин талаптарын бұзды
Әсіресе, көшеде маскасыз жүру жағдайы жиілеген
28 шілде күні санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен полиция қызметкерлері жасаған рейд барысында екі жүзден астам заңбұзушылық анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Карантин талаптарының бұзылу фактісі көбіне Көкшетау қаласында анықталған.
Сондай-ақ, Ақкөл, Бурабай және Зеренді аудандарындағы бірқатар нысандардың санитарлық талаптарды орындамағаны белгілі болды.
Полиция қызметкерлері рейд нәтижесін айтып, карантин талаптарын бұзу бойынша ақмолалықтар арасында жиі кездесетін факторларды атады.
«Әсіресе, көшеде маскасыз жүру жағдайы жиілеген. Облыс бойынша маскасыз жүрген 194 факт анықталды. Сондай-ақ сауда нысандарында дезинфекциялық құралдардың болмауы, сатушылардың медициналық қолғап кимеуі сияқты санитарлық нормалар сақталмаған», - деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Мәселен, Көкшетау қаласындағы жергілікті асханалардың бірінде асхана қызметкері тұтынушыларына жеке қорғаныс құралдарынсыз қызмет көрсеткен. Полиция тексеру жұмыстарын адам көп жиналатын түскі үзіліс кезінде жүргізген. Дәл сол күні криминалды полиция қызметкерлері облыс орталығында сағат 21:00-ден кейін көңіл көтеру орындарының бірі жұмыс істеп жатқанын анықтаған. Түнгі сағат 01:00 шамасында қызмет көрсетушілерді қоса есептегенде, 20-дан астам адам дәмханада болған. Дәмхана иесі Көкшетау қаласының тұрғыны екені анықталды.
Барлық заңбұзушылық фактілері бойынша полиция өкілетті органға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша материалдар жолдады. Полиция аталған бапқа сәйкес жеке тұлғаларға 30 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 230 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылғанын ескертеді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы