Мақтаарал ауданында 930 отбасыға азық-түлік таратылды
Олар осыдан бірнеше ай бұрын болған су тасқынынан зардап шеккен болатын
Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылдың 930-ға жуық отбасы толықтай азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы облыстық штаб қоймасының үйлестірушісі, ерікті Бақытжан Әшірбаев мәлім етті.
Мұқтаж отбасыларға қажетті ас-ауқат облыстық штаб қоймасынан берілген. Бүгінгі таңда орталық қоймадан бөлек үш қосалқы тарату бөлімшесінен тұрғындарға қажетті азық-түлік себеттері үлестіріліп берілуде.
Әшірбаевтың айтуынша, облыстық штаб қоймасына еліміздің түкпір-түкпірінен 760 тоннаға жуық гуманитарлық көмек, яғни азық-түлік жеткізілген. Бүгінге дейін тұрғындарға соның 557 тоннасы үлестіріліп беріліпті. Ал, қазір қоймада 203 тонна негізгі қолданыстағы азық-түлік бар. Бұл шамамен тамыз айының соңына дейін жетеді деп болжануда.
«Қазіргі біздің ең басты мақсатымыз – 930 отбасыға қоймадағы қалған азық-түлікті тамыз айының соңына дейін жеткізу болып отыр. Осы мақсатта біз азық-түлік себеттерін тек сұранысқа сай, яғни ұсыныс арқылы ғана тіркеуден өткізіп үлестіріп беріп отырмыз. Бүгінге дейін азық-түлік үлестіру жұмысында ешқандай дау туындаған жоқ. Халық өздеріне қажетті азық-түлікті жеткілікті көлемде алып кетіп жатыр»,- дейді Бақытжан Әшірбаев.
Азық-түліктен бөлек, су тасқынынан зардап шеккен 3 ауыл яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарының тұрғындарына арнап Мырзакент маңынан 386 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жаңажол ауыл округіндегі Фирдауси ауылында 314 үй бар болса, бүгінде соның 302-сі компенсацияны толық алыпты. 314 үйдің 303-і бұзылып, 268-інің іргетасы құйылған. 138 баспананың қабырғасы өріліп, 19 баспананың шатыры жабылып біткен. Қазір ауылдағы құрылыс жұмыстарында 1102 адам еңбек етуде.
Ал, Өргебас ауылындағы 195 үйдің 194-нің иелері 17 млн теңгелік компенсацияның 50 пайызына қол жеткізген. Қазіргі таңда 189 үй толық бұзылып, 188 үйдің іргетасы қаланып, 99 баспананың қабырғасы өрілуде. Сондай-ақ, 32 үйдің шатыры жабылып біткен. Мұндағы құрылыс жұмыстарында 694 адам еңбек етіп жатыр.