$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.07.2020, 00:53
Қоғам

Алматы облысында газ тартамыз деген компания 70-ке жуық отбасын тақырға отырғызды

Әр отбасы кемі 250 мың теңгеден жинап берген

Алматы облысында газ тартамыз деген компания 70-ке жуық отбасын тақырға отырғызды

Алматы облысының Боралдай кентінде 70-ке жуық отбасы үйіне газ кіргіземіз деп алданып қалған. Олардың ақшасын жинап алған компания басшылары күн сайын ертеңмен тойдырып келіпті. Қазір алдандық деген халық полиция мен әкімдік ғимаратының алдын тоздырып жүр. Azattyq Ruhy тілшісі халықты тақырға отырғызғандардың кім екенін анықтап көрмек болды.

Үйіне көгілдір отынның кіруін ұзақ күтен Боралдай тұрғыны Бағжамал Құрманбаева немерелерімен бірге тұрады. Жасы алпыстан асқан зейнеткер біраздан бері зейнетақысын жинап келген. Көршілеріне газ тартып берген адамдарға сенген ол, бар жиғанын соларға ұстата салыпты. Алайда, «бәрін қатырамыз» деген жігіттер ақшаны алғаннан кейін ізін де көрсетпеген.

Тұрғындардың сөзінше, Іле ауданының газ шаруашылығына «Isker company» ЖШС жауапты. Газ тарту жұмыстарына өздері ғана жауапты болғандықтан, сырттан ешкімді кіргізбейтін көрінеді. Тек өздері сенім артқан бірер компанияға ғана бірлесіп жұмыс істеуге рұқсат берген дейді ашынған халық.

«Біз газ тартқызу үшін осы салаға жауапты «Isker company» ЖШС Боралдайдағы офисіне барғанда, сол жердегі қызметкерлер «INCO Corporation» компаниясына сілтеп, Рустам Миражапов деген жігіттің телефон номерын берді. Сөйлесіп келістік. Ол жігіт менен жұмыстың жарты ақшасы 150 мың теңгені үйге келіп алып кетті. Содан бері бірнеше ай өтті, күніге ертең, бітпейтін уәде. Аяғы міне, алаяққа алдандық», - дейді Жайнақ шағынауданының тұрғыны Алтынай Әмірқұлова.

Оның айтуынша, Рустам Миражапов халықтан жинап алған ақшаны «Isker company» ЖШС-не апарып өткіздім деп айтқан. Алайда, аталған компания басшылары бір тиын ақша алмадық деп отырған көрінеді.

«Әу баста сол «Isker company» ЖШС-нің қызметкерлері осы Рустаммен таныстырған. Қазір жеме-жемге келгенде бірін-бірі танымаймыз деп отыр. Бұл таза алаяқтық, бізді тақырға отырғызды», - дейді А.Әмірқұлова.

Рустамға алдандық дегендердің алды оған 240 мың теңге берген. Жеке кәсіп ашпақ болғандар 1 миллион теңгені ұстата салыпты. Аңғал халық сол берген ақша үшін мүлдем чек талап етпеген.

«Туысымнан қарыз алып, 180 мың теңгені Лола Баратқызының карточкасына аудардым. Ол Рустамның әйелі екен. Ертеңінде 90 мың теңгені үйге келіп, қолма-қол алып кетті. 5 күнде үйіңе газ тартамыз деген соң сеніп қалдым. «Isker» газ холдингіне барғанда офистегі қыздар осы адамның  визиткасын беріп, соған жіберген болатын. Бұрыннан бері газ тартумен айналысып жүргендіктен сеніп, ақшаның чегын сұраған жоқпыз. Біз Рустамды көшеден тапқан жоқпыз, Isker-дің жұмысшылары берді. Өзбек пе немесе ұйғыр жігіттер. Бұған «Isker company» ЖШС кінәлі, келген халықты алдап, неге басқа адамға жібереді. Қарапайым халық біз қайдан білеміз?» - дейді Боралдай тұрғыны Маржан Дөненбева.

Ауылдық әкімдік пен аудандық полицияның табалдырығын төрт күннен бері тоздырып жүрген тұрғындардың саны 67 адам. Кейбірі көмірден құтылатындарына сеніп, газ келеді деген соң несие де алған екен. Ал, өздерінің алданып қалғанын олар биліктен және заңның әлсіздігінен көреді.

Ақша мен газдың болмайтынын тұрғындарға Рустам Миражаповтың өзі «естірткен» екен. Ол жағдайдың қиындағанын, ақшаны компания басшыларына бергенін айтып ақталыпты. Алайда, жуырда полиция оны ұстап, қамап тастаған.

«Осы дерек бойынша Алматы облысы Іле ауданының полициясына 15-ке жуық азамат ресми арызбен жүгінгенін, алайда тізім әлі де көбеюі мүмкін. Себебі, азаматтардан арыз әлі де келіп түсуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Ол уақытша тергеу изоляторында. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Бұған қанағаттанбаған халық бүгін тағы жиналып, Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласына барды. Газ холдингінің бас офисі осында. Алайда, компания басшысы Рустамнан бір тиын алмағанын, халық үйіне газ тартқысы келсе басынан ақша жинау керегін айтты. Мұны естіп, ашуға мінген халық газ шаруашылықтарының басын біріктіріп отырған «Алматыгазсервис - холдинг» АҚ-на барды. Оның басшысы кінәнің бәрін Рустам Миражаповқа аударып, қолдан келгенше көмектесетінін айтты.

«Сіздер қандай заңның аясында оған (Рустам Миражапов – ред) ақша төледіңіздер? Сіздер зардап шегуші адамсыздар, сеніп қалдыңыздар. Енді әкімдік немесе компания қосымша шығындалуға мәжбүр. Ақша жинаған адам оны қайда жіберген, кімге берген, бәрін анықтаймыз. Рустам біздің компанияда ресми жұмыс істеген жоқ. Біздің ұжымда 250 адам жұмыс істейді. Аула сыпырушы немесе слесарь келіп, сіздерге ақша төлеңдер десе барып төлей бересіздер ме? Осы тұрғындардың ішінде бізге келіп арыз жазғандарыңыз бар ма? Біз мәселені қараймыз. Зардап шеккендер қазір менің атыма арыз жазыңыздар. Бізге ешқандай ақша берілген жоқ. Ол сіздердің сенімдеріңізге кірді. Ақысы төленген соң жоба жасалады, келісімшарт жасалу керек. Әдетте, газдың ақысын толық төлегендерге 30-45 күннің ішінде газ қосып беруге тырысамыз. Ал, бөліп төлейтіндерге 90 күннің ішінде газ желісін жүргіземіз. Мен бұл жағдайды екі күн бұрын Іле аудандық полициясынан хабарласқанда бір-ақ білдім. Проблемадан шығу үшін хаттама толтырып, мәселені шешуге тырысамыз», - деді «Алматыгазсервис - холдинг» АҚ директоры Василий Тен. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары