Қарағандыда балалар үйінің тәрбиеленушісін бопсалағандар сотталды
Сот шешімімен әрқайсысына 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Қарағандыда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мекеменің тәрбиеленушісін бопсалаған екі тұрғынға қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, А. және К. есімді екі азамат 2025 жылдың тамызы мен 2026 жылдың қаңтары аралығында алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткен. Олар мемлекеттік мекеме тәрбиеленушісіне күш қолданамыз деп қорқытып, жасөспірімнен 3 миллион теңге ақша мен өзге де мүлікті талап еткен.
Нәтижесінде күдіктілер жәбірленушінің құны 189 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты екі айыпталушыны да адамдар тобы болып, күш қолдану қатерімен бопсалау жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімімен әрқайсысына 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталғандардың бірінің адвокаты бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда Қарағанды облыстық сотының алқасы үкімді өзгертуге ешқандай негіз таппады.
«Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың сотталушылардың кінәсі дәлелденгені және тағайындалған жазаның әділдігі туралы тұжырымдарымен толық келісті», — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Осылайша апелляциялық шағым қанағаттандырылмай, үкім заңды күшіне енді.
