ІІМ: Студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды

Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының басшылығы мен студенттерге ресми үндеу жасады

ІІМ: Студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды
Фото: © istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарының басшылығы мен студенттерге ресми үндеу жасады. Министрлік оқу орындары мен жатақханаларда құқық бұзушылықтың, буллинг пен ақшалай қысымның алдын алу үшін полиция, әкімдіктер және университеттер бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, оқу жылы басталғалы бері 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның 234-і көші-қон заңнамасын бұзуға, 211-і тыйым салынған орындарда темекі шегуге, ал 23-і ұсақ бұзақылыққа қатысты.

Сонымен қатар жыл басынан бері студенттер мен ұстаздардың қатысуымен 207 профилактикалық іс-шара өткізілген. Олардың қатарында кездесулер, дәрістер, түсіндіру жұмыстары мен дөңгелек үстелдер бар.

Қауіпсіздікті күшейту мақсатында студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітіліп, кіру-шығу тәртібі реттелген. Университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі жолға қойылып, студенттерге қолжетімді жерлерге учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері ілінген.

ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина жоғары оқу орындарының басшылығына маңызды талап қойды.

«Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе ақшалай қысым көрсету құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар. Сонымен қатар заң бұзғаны үшін студент мәртебесі жауапкершіліктен босатпайтынын түсінуі керек», — деді Құралай Карина.

Министрлік өкілдері өрескел құқық бұзушылық жасаған жағдайда оқу орнының студентті оқудан шығару мәселесін қарауға құқылы екенін еске салды.