$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.07.2020, 18:40
Қоғам

Коронавирус кезіндегі пневмонияның кәдімгі пневмониядан айырмашылығы неде

Жоғары санаттағы пульмонолог қазіргі аурудың себебі мен емдеу жолдарын түсіндірді

Коронавирус кезіндегі пневмонияның кәдімгі пневмониядан айырмашылығы неде
Фото: ашық дерек көздерінен

Коронавирус өкпені қалай зақымдайды және оның қазіргі медицина білетін бактериалды пневмониядан айырмашылығы неде? Екі түрлі пневмонияны емдеудің әдістері қандай? Бұл туралы бүгін жоғары санатты пульмонолог Наталья Лапытова айтып берді.

«Үш айдан асты, біздің елімізде коронавирусты инфекциямен күрес  жалғасып келеді. Бұл әлем үшін де, біз үшін де белгісіз вирус. Алғашқы апталар мен алғашқы айларда біз коронавирус инфекциясы  бұрын анықталған басқа елдердің тәжірибесі мен  зерттеулеріне сүйенуге мәжбүр болдық. Ал, соңғы уақытта өзіміз науқастарды емдеу мен бақылауда тәжірибе жинадық. Сондықтан, әртүрлі тәсілдің тиімді-тиімсіз екенін өзіміз айта алатын болдық. Өзіміздің стратегия мен тактика бар. Айта кету керек, осы айлар ішінде аурулардың контингенті қатты өзгерген жоқ. Бұрынғыдай, симтомсыз, жеңіл түрлері көп. Біздің басты назар –жағдайы ауыр науқастарды емдеуге жұмсалып жатыр. Симптомсыз форма барлық аурулардың жартысына жуықтайды, бұл әрине, балалар, жастар. Симтомы білінген науқастардың ішінде де 80 пайызы ауруды жеңіл көтереді», - деді сөзін бастаған Наталья Лапытова.

Лапытова дүниежүзіндегі жағдай бір нәрсені анық көрсетіп берді дейді, яғни, бұл вирус ең алдымен егде жастағы және басқа аурулары бар адамдар үшін қауіпті.

 «Ал сонда кімдер ең көп тәуекелге тап болып отыр? Бір жағынан қарағанда, бұл туралы жақсы білеміз, шетелдік басылымдар да, өз ішімізде де ең тәуекелде тұрған адамдар – алпыс жастан асқан, жүрегінде ауруы бар, қант диабетіне шалдыққан, қан қысымы тұрақсыз кісілер екенін білеміз. Сонымен қатар, бүйрегі ауыратын және семіздікке шалдыққан кісілер де тәуекел зонасында. Қуанарлығы, мұндай науқастар барлық науқастардың санымен салыстырғанда, аз», - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, коронавирус кәдімгі бактериалды пневмониядай емес, өкпенің клеткаларын өте тез және қарқынды зақымдайды. дегенмен, вирус өкпеге түскенше адамның иммунитеті оны жеңе алады және оны жеңуге ерік беру керек.

«Вирус өкпені қалай зақымдайды дегенге тоқтала отырып, мен ең алдымен үш нәрсені айтқым келеді. Біріншісі – коронавирус өкпені қалай зақымдайтынын ажырату мәселесі, екіншісі – ондай аурудың клиникалық белгісіндегі ерекшеліктер, үшіншісі – клиникалық белгілерді емдеудің нұсқалары.

Жалпы, коронавирустан болған пневомияны пневмония деп айтудың өзі сәтсіз деп санаймын. Өйткені, коронавирус адамның төменгі тыныс алу органдарын біз білетін кәдімгі бактериалды пневмониядан басқаша зақымдайды. Өйткені, бактерия пневмонияның негізгі инфекциялық агенті болып саналады және ол өкпені ақырын, қақырыққа толтырып зақымдайды. Ал, коронавирус өкпені зақымдағанда не болады? Коронавирустың кіретін қақпасы адамның жоғарғы тыныс алу жолдары екеніне қарамастан, коронавирустың талпынатын ең соңғы нүктесі төменгі тыныс алу жолдары.

Коронавирустың адам организіміне түсетін тағы бір қақпасы – асқазан-ішек жолдары. Бірақ, бұл өте сирек кездесіп отыр. Яғни, коронавирус сияқты бұрын ешқандай вирус адамның төменгі тыныс алу жолына осыншама талпынған емес. Коронавирус өкпені зақымдағанда, әдеттегідей, бактериялар жиналмайды, қақырық тудырмайды, қоздырғыш клеткалар өкпеге бірден кіреді. Сондай-ақ, коронавирус тамырларды массивті, екіжақты зақымдап, өкпенің әртүрлі сегменттеріне тиеді. Сондықтан да, коронавирус кезінде әдеттегідей бактериялы пневмонияға қарағанда, өкпені зақымдау пайызы да көп болады», - дейді дәрігер.

Лапытова қазір әлем дәрігерлері «Коронавирустан болған пневмония» деген терминнен бас тартып, оның орнына тыныс алу жолдарының вирусты зақымдануы деген ұсыныс айтып жатыр. Осылайша, бактериалды пневмония мен коронавирусты пневмонияны ажыратпақ.

«Коронавирустың клиникалық белгілерінің ерекшілігіне тоқталсақ, ол ұзаққа созылады. Басында ақырын басталады. Бірінші кезеңінде әрине, ол жоғары тыныс алу жолдарын зақымдағанда, иммунитет оған жауап қайтарады. Дене қызуын, әлсіздікті, терлеуді осы иммуниттеттің жауап қайтаруы деп түсіну керек. Бұл кезең шамамен, бір аптаға созылады.

Екінші кезең басталса, онда вирус төменгі тыныс алу жолдарына түсіп, жөтелдің пайда болуы, кеуденің ауруы, дем жетпеу пайда болады. Бұл қаншалықты қауіпті? Бұл белгілердің өзі қауіпсіз, тек оның таралу уақыты қауіпті: егер бұл белгілер бірнеше күнге жалғасса, онда қорқыныш жоқ. Яғни, көп адамда бұл уақыт бірнеше күн ішінде тоқтайды. Бұл кезеңде әрине, пневмония болуы мүмкін, бірақ, оның да қаупі аз. Бірақ, бұл кезең жасы үлкен кісілерде ұзаққа созылып кетеді. Ыстығы да түспей, дем жетпей қала береді.

Үшінші кезең – пневмония, бірақ пневмонияның даму уақытын және пайда болу уақытын есептей отырып, ем жасау керек. Организм үшін ең шешуші кезең – организм өзі күрес бастаған ең алғашқы кезең. Яғни, ауруға организм қалай жауап бергеніне және жауап беру уақыты ұзаққа созылғанына қарай, ем береміз. Ең бастысы, ол алғашқы аптада не істемеу керек: көп жағдайда антибиотик бермеу керек. Бұл біздің жеке тәжірибемізден алған сабағымыз. Ол антибиотиктер тиімсіз екенін көрдік. Өйткені, антибиотиктер бактерияға қарсы тиімді, ал вирусқа қарсы ол мүлде тиімсіз. Есесіне, антибиотик иммунитетті әлсіретеді. Яғни, антибиотик іше отырып, біз ары қарай күрес үшін иммунитетті жоя бастаймыз. Антибиотикті тек адамдағы ауру бактериалды пневмония екеніне көз жеткізгенде ғана беру керек», - деп ескертті дәрігер.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары