Степногорск іргесіне жеткізілген химиялық қалдық қаншалықты қауіпті?
Тараптар барлық сұрақтарға жауап беруге тырысты
Жуырда Степногорск қаласынының іргесіне Балқашта жабылған «Дарьял-У» әскери радиолокациялық станциясының аумағында орналасқан «хлорландырылған дефенил» уақытша сақтау үшін жеткізілді. Жергілікті қоғам белсенділері құрамында аса қауіпті химиялық заттар бар 300 тоннадан астам конденсаторлар жеткізілгенінен жергілікті билік хабарсыз екенін айтады. Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселеге орай тараптарды тыңдап көрді.
Қала іргесіне қауіпті химиялық зат жеткізілгені туралы алғаш жергілікті блогер естіп, жария салған.
«Мен бұл жағдайды кездейсоқ білдім. Балқаш қаласының адамдары «Хлорланған дефинелден құтылдық!» деп ютубқа видео жүктегенін біздің таныс жігіттердің бірі байқап қалады. Содан кейін мәселені тереңірек зерттей бастадым. Степногорск қаласынан екі шақырым жерге аса қауіпті «Хлорландырылған дефенил» жеткізілген. Бірақ бұл туралы тіпті, қалалық әкімдік пен тиісті органдар да хабардар болмаған. Улы химикаттар қайта қапталып салынып жатыр. Қазіргі уақытта қала сыртындағы қарапайым гараждарда сақтаулы. Гараждар әлі күнге дейін ешқандай да қойма емес, гараж ретінде тіркелген. Мұны қала әкімдігі де растап отыр. Біз химиялық заттардың қаншалықты қауіпсіз қапталғанын көрмек болып, гараждарға бардық. Бірақ бізге бәрін көрсетпей, тек 3-4 тоннасын ғана көрсетті», - дейді жергілікті қоғам белсендісі, фото және видеоблогер Максим Пономарев.
Максимнің айтуынша, Балқаш қаласындағы конденсаторлы «хлорландырылған дефенилді» шығару, қайта қаптау және уақытша сақтауға жарияланған тендерді Степногорск қаласындағы «Эколюкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Компания Степногорск қаласында орналасқан. Қазақстан аумағында қоршаған ортаны қорғау саласында қызмет көрсетеді. Құны 110 миллион теңге болатын тендерді осы компания ұтып алған. Сонымен қатар, «Эколюкс» Біріккен Ұлттар Ұйымының төзімді органикалық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша демонстрациялық зауытты жеткізуге ЮНИДО грантына да ие болыпты.
«Конденсаторларды компания өз қоймасында екі жылға дейін сақтап, арнайы қондырғының көмегімен қайта өңдеуден өткізуі тиіс болған. Салыстыра кетсек, бір тонна құрамында хлорланған дифенил бар қалдықтарды қайта өңдеуден өткізу шетелде әуе көлігімен жеткізу құнын қоса есептегенде, 80 мың АҚШ долларын құрайды екен. Ал, Степногорск қаласында «Дарьял-У» станциясынан жеткізілген қауіпті жүктің салмағы 300 тоннадан асып жығылады», - дейді Максим Понамарев.
Осы мәселеге орай, қала әкімі Еркебұлан Баяхметовтың төрағалығымен үлкен жиын өтті. Онда екі ай ішінде химиялық заттарды Степногорск қаласынан біржолата шығару туралы шешім шығарылған.
«Дөңгелек үстел барысында «Эколюкс» басшылығы химиялық қалдық заттардың қалай сақталатынын барып көруге болатынын ашық мәлімдеген. Алайда, арнайы құрылған біздің бастамашыл топ химиялық заттар сақталған қойманың есігінен де аттай алмады. Тіпті, мекеме басшылығы бізден қашып, берген хатымызды да алмай қойды. Біз химиялық заттар сақталған қойманың жағдайын аралап көрдік. Хлорланған дефинил орналасқан контейнерлер ашық аспан астында, қауіпсіздік шаралары өрескел бұзылған, біз заңбұзушылықтарға өз көзімізбен куә болдық», - дейді Максим Пономарев.
Бастамашыл топ барлық әрекеттерді бейнекамераға түсіріп алған. Химиялық қалдықтарды қайта қаптау, шығару және уақытша сақтауға тендер өткізген «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (Оператор РОП ЖШС) де пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушының 2020 жылдың 10 наурызындағы №69 бұйрығына сәйкес, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы аумағында бұрынғы Балқаш-9 әскери нысанында орналасқан, құрамында полихлордифинил конденсаторлары бар 3 контейнер мен 6002 дана конденсаторды шығаруға қаржы бөлуге тапсырма берілген.
«Биыл 31 наурызда 110 миллион теңге сомасына тендер жарияладық. Конкурстық негізде өткен жұмыстарды өткізуге барлық құжаттары мен Степногорск қаласында арнайы жабдықталған ғимараты талапқа сай болған «Эколюкс-АС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды. Компания аталған хлорландырылған дефенил қалдықтарын уақытша сақтауды қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Аталған жоба шеңберінде РОП операторына (Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері – авт.) тек техникалық функция, яғни шараны қаржыландыру ғана жүктелгенін ерекше атап көрсеткім келеді.
Барлық рәсімдерді бақылау және оның өткізілуін қадағалауды ведомствоаралық қоғамдық мониторингтік топ жүзеге асырады. Оның құрамына тәуелсіз сарапшылар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органдар, бақылаушы мемлекеттік органдар мен қоғам қайраткерлері кірген. Келісімшартқа сәйкес, аталған контейнерлер ұлттық экологиялық заңнама және халықаралық актілер талаптарына сәйкес қайта қапталып, тасымалданған.
Қаптама материалдары БҰҰ талаптарына сәйкес сертификатталып, таңбаланған. Сондықтан, тасымалдау, түсіру және сақтау кезінде төгілуіне және зақымдауына жол берілген жоқ. Степногорск қаласында туындаған жағдай Экология министрлігінің толықтай бақылауына алынған. 7 шілдеде бейнеконференция өткізіліп, онда қоғам өкілдерінің қатысуымен компанияның ұсынған құжаттары мен қойманың материалдық-техникалық жағдайымен танысу үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды», - дейді кәсіпорынның өндірістік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Сергей Юрча.
Оның айтуынша, «Дарьял-У» нысанындағы хлорландырылған дефинил қалдықтарын тасымалдау жобасын жүзеге асыру үшін Ақмола облысы әкімдігіне, облыстың Экология департаментіне, Степногорск қаласының Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына және басқа да мекемелерге сұраныс жолданған. Сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жүргізілген. Қала әкімі болса, арнайы мониторингтік топ құрылғанын айтты.
«Химиялық қалдықтарды шығару мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірдегі жағдайды бақылауға алу мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылды. Қазір істі оңынан шешу жолдарын қарастырудамыз», - дейді Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов.
Облыстық Экология департаменті басшылығы да аса қауіпті химиялық заттарды тасымалдау кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталғанына сенімді.
«Компанияның хлорландырылған дефинил конденсаторларын тасымалдауға қажетті барлық құжаттары талапқа сай. Жергілікті санитарлық қызметтен қалдықтарды жеткізуге рұқсат берілген. Химиялық заттар қауіпсіз болуы үшін қайта қапталған. Сондықтан, қоймаларда сақталған қалдықтардан ешқандай залал болмауы тиіс», - дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ержан Ахметов.
Экология министрлігінің мәліметінше, биыл 5 қаңтарда Балқаш көлінің жағасында орналасқан «Дальян –У» радиолокациялық станциясына комиссия барып, жағдайды анықтаған. Сол кезде химиялық заттар орналасқан ғимараттардың апатты жағдайда екендігі, ешқандай талапқа сай келмейтін ашық-шашық жатқаны анықталады. Экологияға келтірген залал қалыпты мөлшерден 100 еседен артық асып кеткен. Химиялық заттар Балқаш көліне де кері ықпалын тигізген. Содан комиссия бірауыздан хлорландырылған дефинил конденсаторларын бұл жерден шығару қажет деп шешім шығарды.
«Қазақстан «Базель конвенциясына» сәйкес, 2025 жылға дейін экологияға қауіп төндіретін қоқыстар мен қалдықтардан біржола құтылуы тиіс. Осы шартты жүзеге асыру үшін де «Эколюкс» компаниясы осы міндеттемені жүзеге асыра алуға мүмкіндігі бар жалғыз компания болып отыр. Бұл компания БҰҰ-ның ЮНИДО грантын да жеңіп алған. Халықты да түсінуге болады. Қауіпті химиялық заттардың қаланың іргесіне қойылуы кім-кімнің де бойына қорқыныш ұялатады. Алдағы дүйсенбіде ведомствоаралық комиссиямен осы компанияда химиялық қалдықтар орналасқан қойманың жағдайын, құжаттардың сәйкестілігін толықтай тексеруді жоспарлап отырмыз», - деді Экология министрлігінің департамент директоры Мансұр Ошырбаев.
Редакция «Эколюкс» компаниясының басшылығымен тілдесуге тырысты. Алайда, компания басшысының науқастанып қалуына байланысты, пікір білдіретін адам табылмады.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы