ШұғылҚазақстанда тағы 517 адамнан коронавирус анықталды

«Қазақтың даласы қан сасып тұр»: Айнұр Тұрсынбаева Тоқаевқа үндеу жолдады

Ол 125 жасанды тыныс алу аппаратын елге жеткізуде қиындық туындағанын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Денсаулық сақтау министрі мен Қорғаныс министріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазақтың даласы қан сасып тұр. Адамдар шыбынша қырылып жатыр. Адамдар өз ажалынан емес, дәрінің жоқтығынан, жағдайдың жоқтығынан, апараттардың жоқтығынан, ауруханаларда орындардың жоқтығынан өліп жатқанын мойындауымыз керек! Қазаққа қастандық жасалды! Осы жағдай жүрегімізге батқан соң біз қоғам белсенділері қосылып халықтан ақша жинадық! Ақшаны жинап Түркия мемлекетінен 125 аппаратты сатып алдық! Бұл аппараттар Қазақстанда 500-800 мың көлемінде сатылып та жатыр. Халықтың ондай қымбат аппарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар деп ойлаймын!», - дейді Тұрсынбаева.

Ол елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болғанын,  бірақ 125 аппаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екенін атап өтті.

«Ендігі жан айқайымыз мынау! Біздің тірнектеп жинап алған аппараттарымызды Қазақстанға барған соң «СҚ-Фармация» қабылдап алады екен. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр! Себеп: осы уақытқа дейін шетелдерден келіп жатқан көмектердің жоқ болып кетуі! Сондықтан осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен», - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жібертсе, аппараттарды тұтас апаруға болады.

«Бізге әр минут қымбат! Әр адам қымбат! Әр аппарат қымбат! Әр тиын қымбат! Мен Түркия мемлекетіндегі бір зауытпен сөйлесіп 2 аптада 500 апарат алатын болып келісім-шарт жасамақшы едім. Зауыт келісімін берді! Ең арзан бағаға! Егер қоғам белсенділеріне аппараттарды Қазақстанға жеткізуге көмектесіп, таратуға мүмкіндік берсеңіздер 2 аптаның ішінде 500 аппараттың ақшасын жинап береміз. Бар мүмкіндікті пайдаланып қалайық», - деді ол.

Сұхбат