$ 503.44  593.35  6.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:55
Қоғам

Депутат нарықта «Colgate» тіс пастасының көшірмелері көбейгенін айтып, дабыл қақты

Ол елдегі контрафактілік өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есеге артқанын айтты

Депутат нарықта «Colgate» тіс пастасының көшірмелері көбейгенін айтып, дабыл қақты
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов елімізде контрафактілік және заңсыз әкелінетін өнімдер мәселесі бүгінде тек экономикалық шығынмен шектелмей, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін күрделі әрі жүйелі проблемаға айналып отырғанын айтып, ұлттық экономика министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«AMANAT» партиясы мен Парламент депутаттарының атына заңды өндірушілерден, ресми дистрибьюторлардан және адал салық төлеушілерден көптеген өтініштер келіп түсуде. Олар азық-түлік өнімдерінен бастап тұрмыстық химияға дейінгі тауарлардың көлеңкелі айналымының бақылаусыз ұлғайып бара жатқанына алаңдаушылық білдіруде. Бұл - жекелеген заңбұзушылықтар емес, заңсыз табысқа негізделген, тамыры тереңге кеткен көлеңкелі жүйенің айқын көрінісі», - деді депутат.

Депутат атап өткендей, Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы тәркіленген контрафактілік өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. Алайда бұл көрсеткіш көлеңкелі айналымның нақты ауқымын толық қамтымайды және шынайы көлем әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Ал, Шекара қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері-ақ шекарада контрафактіге қатысты 3 026 факт тіркеліпті.

«Бұл жағдай нақты фактілермен де расталуда. Қазақстан аумағында заңсыз әкелінген «Колгейт-Палмолив» (Colgate-Palmolive) маркалы контрафактілік тіс пастасын сату деректері анықталған. Өнімдер сыртқы тұрпаты жағынан түпнұсқаны қайталағанымен, қаптамасы мен таңбалануы ресми талаптарға сәйкес келмеген. Сол сияқты Алматы мен Шымкент қалаларындағы базарларда Бондюэль (Bonduelle) маркасымен сатылған консервіленген көкөністер арасында да жалған өнімдер тіркелген», - дейді депутат.

Бұдан бөлек, Жайымбетовтің айтуынша, құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері, құрғақ ашытқылар сынды тауар топтары бойынша да контрафактілік фактілер тіркеліп отыр. Аталған өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларсыз таратылып, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруде.

«Ерекше алаңдаушылық туғызатыны - аталған өнімдердің едәуір бөлігінің «сұр» схемалар арқылы, кедендік және салықтық бақылауды айналып өтіп, әсіресе Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасымен шекаралас учаскелер арқылы (соның ішінде «Қорғас» бағытымен) ел аумағына енуі. Соның салдарынан нарықта заңды бизнестің бәсекелік мүмкіндіктері шектеліп, инвестициялық ахуалға кері әсер етеді», - дейді депутат. 

Осыған байланысты контрафактілік пен «сұр» импортқа қарсы жүйелі әрі нәтижелі саясат қалыптастыру мақсатында депутат төмендегі төрт ұсыныс жария етті:

  • Біріншіден, соңғы бес жылдағы контрафактілік және заңсыз әкелінген өнімдердің нақты ауқымына қатысты жария әрі ведомствоаралық келісілген кешенді талдау жүргізіп, тауар санаттары мен тарату арналары бойынша бірыңғай дерекқор қалыптастыру.
  • Екіншіден, Германия, Бразилия, Қытай, Үндістан және өзге де елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, азаматтарға бірегей кодты сканерлеу арқылы тауардың түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік беретін мемлекеттік цифрлық платформа мен мобильді қосымша әзірлеу.
  • Үшіншіден, жекелеген тауар санаттарын нарыққа тек өндірушімен тікелей жасалған қолданыстағы шарттары бар, жеткізу арналары расталған ресми дистрибьюторлар арқылы ғана өткізу тетігін енгізу мүмкіндігін қарастыру.
  • Төртіншіден, контрафактілік өнімдерді өндіру, әкелу және өткізу үшін қылмыстық әрі қаржылық жауапкершілікті едәуір қатаңдату жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу.
  • Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын.