«Баласын қалай асырайды?»: депутат жұмыс квотасының қысқаруы қандай қауіп төндіретінін айтты
Елімізде 1,2 миллионнан астам адам ең төменгі жалақымен өмір сүріп отыр
Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрым субсидияланатын жұмыс орындары қысқарса, ауылдағы халықтың күнкөрісі қиындап, тығырыққа тірелетінін айтты. Ол осыған қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекеттің жұмыспен қамту саясатын іске асыратын негізгі тетігінің бірі – субсидияланатын жұмыс орындары екені даусыз. Ал оның ішіндегі ақылы қоғамдық жұмыстар – қағаздағы бағдарлама емес, ауылдағы мыңдаған отбасының күнкөріс көзі, таңғы асын, баласының киімін, қыстық отынын қамтамасыз етіп отырған нақты табыс көзі. Біз бұл мәселеге салқын статистикамен емес, адам тағдыры тұрғысынан қарауымыз керек», - деді ол.
Депутаттың дерегінше, бүгінде елімізде 1,2 миллионнан астам адам ең төменгі жалақымен өмір сүріп отыр. Бұл – миллиондаған отбасының шынайы жағдайы, әлеуметтік ахуалы.
«Ал, енді сол адамдардың қолындағы ең соңғы тірегін – ақылы қоғамдық жұмыстарды қысқарту туралы сөз қозғалып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №395 бұйрығы «жалақысы аз адамдар саны қысқарады» деп бағалануы мүмкін. Бірақ ауылдағы жағдайды көрген адам үшін бұл – жұмыссыздардың саны көбейеді деген сөз. Өйткені шалғай ауылдарда тұрақты жұмыс орындары пайда болып жатқан жоқ. Қысқарып жатқан – ауылға бөлінетін квота. Ал квота қысқарса, ауыл адамының қолындағы соңғы мүмкіндік те жойылатыны түсінікті»,-деді депутат.
Оның айтуынша, министрдің бұйрығына сәйкес, қоғамдық жұмыстың өзі қатаң шектелген. Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1-ден 10-ға дейін, сондай-ақ, дара кәсіпкерлер мен фермер қожалықтары – 1-ден 5-ке дейін ғана қоғамдық жұмыспен қамти алады. Ең қиыны, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдігін қоса алғанда, мемлекеттік ұйымдар да осы нормаға бағынады.
«Бұл – қағазда тәртіп болуы мүмкін, бірақ өмірде – тығырық. Нәтижесінде әлеуметтік қолдау алу жолы күрделеніп, құжат көбейіп, талап қатаңдайды. Ал жұмыссыз адамға ең керегі – жаңа талап емес, нақты жұмыс пен табыс. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде еңбекке қабілетті халық саны 9,7 миллионнан асады, соның ішінде 450 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Бұл – тек тіркелгені. Бұл – тек Үкіметтің есебі ғана. Ал ауылдағы бейресми жұмыссыздықты есептесек, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінеміз», - деді ол.
Гүлдара Нұрым атап өткендей, ауылдық жерлерде көптеген отбасылар ақылы қоғамдық жұмысқа қарап отыр. Себебі басқа амал жоқ. Зауыт жоқ, фабрика жоқ, кәсіпорын жоқ. Тұрақты жұмыс болмаған соң халық әкімдіктің табалдырығын тоздырады. Ал әкімдіктің ұсына алатыны – уақытша қоғамдық жұмыс қана.
«Енді сол уақытша жұмыстың өзін қысқартсақ, ол адамдар қайда барады? Баласын қалай асырайды? Қысқы отынды қайдан алады? Бұл сұрақтарға қағаздағы ережелер жауап бере алмайды. Қазірдің өзінде ауыл босап жатыр. Жастар қалаға кетіп жатыр. Бұл – сән емес, амалсыз қадам. Ал жұмыссыздық күшейсе, бұл үдеріс тіпті үдейді. Бұл – әлеуметтік наразылыққа, ішкі көші-қонның күшеюіне, кедейшіліктің тереңдеуіне апаратын жол», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, аталған бұйрықтың қазіргі редакциясы 2026 жылдан бастап халықтың елеулі бөлігін жұмыссыз қалдыру қаупін тудырып отыр.
«Бұл – жай болжам емес, өңірлерді аралап жүрген адам үшін көзге көрініп тұрған шындық. Халықпен кездескенде адамдардың көзіндегі үміт пен үрейді көріп жүрмін. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға, «есепке сыймайды» деп ысырып тастауға болмайды», - деді ол.