Каспий теңізінде қайығымен бірге жағадан алыстап кеткен ер адам құтқарылды
Қатты жел моторсыз қайықты жағадан алысқа ағызып жіберген
Маңғыстау облысында құтқарушылар Каспий теңізінің жағалауынан 400 метр қашықтыққа ұзап кеткен ер адамды аман алып қалды. Қатты жел моторсыз қайықты жағадан алысқа ағызып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға жағалаудағы кезекті патрульдеу кезінде болған. Құтқарушылар жағадан шамамен 400 метр қашықтықта қалқып жүрген қайықты байқап, көмекке ұмтылған. Тексеру барысында қайық ішінде бір ер адамның болғаны анықталды. Ол өз бетінше құрлыққа жете алмай, дәрменсіз күйде қалған.
Құтқару барысында мамандар оқиға орнына жедел жетіп, ер адамды қауіпсіз жерге шығарды. Оның денсаулық жағдайы қалыпты, медициналық көмек қажет болған жоқ.
Белгілі болғандай, ер адам теңізге моторсыз қайықпен шыққан. Кенеттен басталған қатты жел жеңіл қайықты бірден теңіздің тереңіне қарай алып кетіп, тұрғынды қауіпті жағдайға қалдырған.
Төтенше жағдайлар министрлігі суға шығар алдында ауа райын тексеріп, синоптиктердің болжамын міндетті түрде қадағалауды сұрайды. Сондай-ақ әрқашан құтқару жилетін киіп, жүзу құралының техникалық жарамдылығына көз жеткізу қажет екенін ескертеді.