$ 503.44  593.35  6.55
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:43
Қоғам

Әрбір үшінші бюджеттік ғимарат белгіленген нормадан артық электр энергиясын тұтынып отыр – депутат

Ол бюджеттік ұйымдардың ғимараттарын шатырлық күн панельдерімен жабдықтау орынды деп санайды

Әрбір үшінші бюджеттік ғимарат белгіленген нормадан артық электр энергиясын тұтынып отыр – депутат
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов бюджеттік ұйымдарда энергияны тиімді тұтынуға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда энергетикалық ресурстарды түпкілікті тұтынудың жыл сайын тұрақты өсімі байқалады. 2014–2024 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 11,9%-ға артқан.

«Осы тұтынудың едәуір бөлігі ғимараттар секторына, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға — білім беру, денсаулық сақтау және мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарына қатысты. Бұл жағдай ғимараттар қорының ұлғаюы, олардың физикалық тозуы және энергия тиімділігін арттыруға арналған қаржыландырудың шектеулілігімен байланысты. Қазіргі таңда бюджеттік саладағы әрбір үшінші ғимарат энергия тұтынудың белгіленген нормативтерінен асып отыр», - дейді депутат.

Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар электр энергиясын ең жоғары тарифпен төлейді, бұл тарифтер 1 кВт·сағ үшін 82,7 теңгеге дейін жетеді.

«Бюджетке түсетін жүктемені азайту және энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында баламалы энергия көздерінен электр энергиясын өндіру мен жеткізудің дербес сегментін дамыту арқылы бюджеттік ұйымдардың ғимараттарын шатырлық күн панельдерімен кезең-кезеңімен жабдықтау орынды деп саналады. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін айтарлықтай әлеует бар, атап айтқанда, жалпы саны шамамен 13 мың бірлікті құрайтын бюджеттік ұйымдардың ғимараттарында Жаңартылатын энергия көздері нысандарын орналастыру есебінен тұрады. Өз кезегінде, жекеменшік компаниялар аталған нысандарға қолданыстағы тарифтерден екі есе төмен бағамен күн панельдерін орнатуға дайын екенін білдіруде, бұл электр энергиясына жұмсалатын бюджеттік шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Осы тәсілдерді іске асыру ҚР президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында көзделген 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін арттыру жөніндегі міндеттерге толық сәйкес келеді», - деп атап өтті мәжілісмен.

Сонымен бірге, айтуынша, әлеуметтік маңызы бар нысандарда электр энергиясын төлеудің қолданыстағы тәртібі белгілі бір кедергілер туындатып отыр. Дәлірек айтқанда, күн панельдері арқылы өндірілген электр энергиясын тікелей сатып алуға мүмкіндік бермейді. Электр энергиясы мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы жалғыз жеткізушіден (өңірлік электр желілік компаниядан) сатып алынады.

Осыған байланысты Смағұлов үкіметтен төмендегі шараларды қарастыруды сұрады:

  • бюджеттік ұйымдар мен күн панельдерін орнату және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыратын инвесторлар арасында тікелей электр энергиясын сатып алу шарттарын жасасу үшін құқықтық жағдайлар қалыптастыру, халықаралық тәжірибені, оның ішінде Германияның тәжірибесін ескеру;
  • инвесторлардан электр энергиясын сатып алмай-ақ күн панельдерін өз бетінше пайдалану жағдайында бюджеттік ұйымдарды нетто-тұтынушылар санатына жатқызу мүмкіндігін қарастыру. Бұл ретте ЭСКО моделін қолдану мүмкін, ол артық өндірілген электр энергиясын желіге өткізу есебінен инвестицияларды қайтаруды және жоғары тарифтер бойынша тұтынуды қысқарту арқылы бюджеттік ұйымдардың шығындарын азайтуды көздейді.